Қызылорда облысында күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары басталды. Биыл қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында өңірден 900-ге жуық 18–27 жас аралығындағы азамат әскер қатарына шақырылып, Қарулы Күштерде, Ұлттық ұланда, Шекара қызметінде және басқа да әскери құрылымдарда борышын өтейді.
Жас сарбаздарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған: несие төлемдері уақытша тоқтатылады, сондай-ақ білім алуда жеңілдіктер беріледі. Аймақ жастары ел қорғау міндетін абыроймен атқарып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болмақ. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Нұрлыбек Сейітханов мәлімдеді.
– Күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны – жас ұрпақтың ел алдындағы ең басты борышын орындауының айқын көрінісі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысынан 900-ге жуық азамат әскер қатарына аттануға дайындық үстінде. Олардың әрқайсысы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Ұлттық ұланда, Шекара қызметінде және өзге де әскери құрылымдарда борышын өтейді. Бұл – жас сарбаздарымыздың шыңдалып, нағыз азамат болып қалыптасуына үлкен мүмкіндік. Әскерге шақырылған жастарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, мерзімді қызметке барған сарбаздардың несие төлемдері бір жылға тоқтатылады. Сондай-ақ, білім беру саласында жеңілдіктер қарастырылған. Ұлттық бірыңғай тестілеусіз-ақ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі бар. Биылдың өзінде Қызылорда облысынан 61 жас мемлекеттік білім грантын иеленді. Бұл жастарымыздың білім алуға деген ынтасын арттырып, болашағына сеніммен қарауына жол ашады. Сонымен бірге, азаматтарды әскерге шақыру барысы заманауи әдістермен жүзеге асырылуда. Арнайы 1414 сервисі арқылы SMS-хабарламалар жіберу пилоттық режимде енгізілді. Бұл шақырылушыларға уақытылы ақпарат жеткізіп, олардың әскери бөлімдерге белгіленген мерзімде келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әскер қатарына шақырылған әрбір жас – еліміздің болашағы, ел қорғауға дайын азамат. Сондықтан біз олардың денсаулығына, білім деңгейіне, моральдық-психологиялық дайындығына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Қатарымыздан тек елін сүйетін, жауапкершілікті сезіне білетін азаматтар әскер сапына қосылады. Жас сарбаздардың борышын абыроймен өтеп, тәжірибе жинап, Отан алдындағы парызын адал атқаратынына сенімдіміз. Әскерде алған тәрбие мен шынығу олардың азамат ретінде қалыптасуына үлкен серпін беріп, болашақ өміріне жол ашатыны анық, – деді Нұрлыбек Қалыбекұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!