Қызылорда облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мектеп оқушылары арасында облыстық қазақ ұлттық ойындарын ұйымдастырды. Аталған іс-шара спортты, ұлттық дәстүрді және профилактикалық жұмысты ұштастыра отырып, жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға бағытталды.


Жарысқа облыстың жалпы білім беретін мектептерінің 600-ден астам жоғары сынып оқушылары қатысты. Ұлттық ойындар алаңы спорттық рухқа, достық бәсекеге және жанкүйерлік қолдауға толы болды. Қатысушылар өздерінің дене дайындығын ғана емес, қазақ халқының мәдени мұрасына деген құрметін де көрсетті.
Сайыс бағдарламасына қазақтың дәстүрлі ұлттық спорт түрлері енгізілді: «қол күрес», «бұқа тартыс», «ләнгі тебу», «асық», «батпан көтеру», «бес асық», «қыз қуу», «шоқпарласу». Әрбір ойын түрі күшті, ептілікті, төзімділікті, шапшаңдықты және тактикалық ойлауды талап етті.
Жеңімпаздар жиналған ұпай саны бойынша, сондай-ақ есірткіге қарсы атрибутиканы мен ұлттық киімді қолданғаны үшін берілген қосымша ұпайлар негізінде анықталды. Бұл жарысқа ерекше көрік беріп, тәрбиелік мәнін арттыра түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша 24 жеңімпаз анықталды. Үздіктер қатарында: Жаңақорған ауданының №184, 209 орта мектептері, Қазалы ауданының №94, 97, 25 орта мектептері және Шиелі ауданының №149, 133 орта мектептері.
Осындай іс-шараларды өткізу ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, бұқаралық спортты дамытуға және жас ұрпақтың денсаулықты, белсенді өмір салтын таңдауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.



Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!