Сенбі, 21 желтоқсан, 16:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда облысында үздік аудан әкімі анықталды

28.12.2022

951 0

Kyzylorda-news.kz. ақпарат агенттігі мен оқырмандары Қызылорда облысындағы үздік аудан әкімін анықтады. Сауалнама 20 желтоқсанда ақпарат агенттіктің телеграм арнасында t.me/qyzylordanews жарияланды. Дауыс беруге 22 мыңға жуық адам қатысты. Сауалнама 28 желтоқсан сағат 00:00-де қорытындыланды. 

Нәтижесінде Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеумбетов 35% дауыс (8130 адам) жинап, көш басына шықты. 

Екінші, үшінші орындарды Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев (2883 дауыс) пен Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов (2791 дауыс) бөлісті. 

Одан кейін Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев (2588 дауыс) пен Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов (2365 дауыс) жайғасты. 

Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтановқа 2316 адамның таңдауы түскен. Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатовқа 2277 адам дауыс берген. 

Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеумбетовтің Kyzylorda-news.kz. ақпарат агенттігі оқырмандарының басым дауысын жинауы тектен тек емес. Рейтингтің басында тұратындай жөні бар. Ол биыл сәуірде әкім болып тағайындалғаннан кейін бір-екі айда ауданда қоғамдық-саяси ахуал тұрақталды, өлкеде, сонымен қатар әлеуметтік желілерде сыни пікірлер, айқай-шу айтарлықтай азайды. Әкім болғалы аудандағы ауылдарды түгел аралап шығып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Мәселелермен, сыни пікірлермен бетпе-бет келуден қорықпады. Тіпті, кейбір проблемалардың түйінін кездесу кезінде тарқатып кетіп отырды. Соның арқасында аз уақытта халықтың симпатиясына ие болды. Ең бастысы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес, аудан әкімдігі кері байланысты жолға қойған. 

Мұрат Тілеумбетов тізгінін ұстаған Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында да оң тенденциялар қалыптасқан. 

Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 108,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайыз өскен. Ал өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 75,4 млрд теңге болып, 112,1 пайыз орындалған. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қарқын алған. Себебі тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6549 бірлікке, яғни 19,5 пайызға артса, бүгінде олардың 6288 немесе 96 пайызы тұрақты жұмыс істеп тұр.

Мұндай жоғары көрсеткіштердің қалыптасуы аудан үшін ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына жол ашқан. Ал аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 40,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,5 пайызды көрсеткен. Яғни Қызылорда облысы әкімінің мамыр-маусым айларында инвестиция тарту, оның көлемін арттыру бойынша қойған тапсырмаларының үдесінен шығып отыр. 

Жаңақорған ауданындағы жарқын жобалардың бірі – жоба құны 790 млн теңгені құрайтын демалыс паркі. Биыл ашылуы өтті. Бүгінде паркте орналасқан аттракциондар, субұрқақтар, дәмханалар, спорт және балалар ойын алаңдары аудан тұрғындары мен қонақтарының жағымды уақыт өткізетін орнына айналып үлгірген. Сонымен қатар, биыл өңірде «Азимут-М» ЖШС-нің 160 млн теңгені құрайтын бетон зауытының құрылысы жұмысын бастаса, жоба құны 5,2 млрд теңге болатын жылына 3,5 мың тауық етін өндіретін «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасы да іске қосылады. Аталған жобалар 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады. Бұдан бөлек, құны 1 млрд теңге болатын шипажай құрылысы салынып жатыр. 

Ауданда жұмыспен қамту бойынша 2022 жылы 3118 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінде бұл межені Мұрат Тілеумбетов толық орындап шықты. Яғни, халықты әлеуметтік қамсыздандыру, түрлі жәрдемақылар төлеуде ешқандай проблема жоқ. 

Жаңақорғанда ауыл шаруашылық саласы да айтарлықтай дамып келеді. Биыл аудан бойынша 37 781 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, 6072 гектар сыр салысының әр гектарынан 56 центнерден өнім жиналған. Мұнан бөлек, ерекше тоқталатын жайт азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар тауарлар оның ішінде картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында Мұрат Тілеумбетовтың шаруақожалық төрағаларымен тікелей келіссөзі нәтижесінде шаруақожалықтар тарапынан қосымша жер дайындалып, үлестірілген. Жемісті еңбектің нәтижесінде 26 гектар картоп, 85 гектар көкөніс, 85 гектар бақша егіліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағасын тұрақтандыруда өз көмегін тигізді.

Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуы, егістіктерге аяқ суды жеткізуінің күрделенуі соңғы жылдары аймақта басты мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Осы ретте Жаңақорған ауданының басшылығы тарапынан ендігі кезекте су тапшылығын болдырмау үшін егістікті суаратын каналдардың су өткізу қабілетін арттыру мақсатында көп жұмыстар жүргізді. Мәселен, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 207,5 млн теңгеге 2 су арнасы, аудандық бюджет есебінен 10,8 млн теңгеге Қаратөбе ауылдық округіндегі Келінтөбе магистралды каналының ПК-250-ден «Сумағар» каналы толықтай тазартылған.

Сонымен қатар ауданда егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Ата кәсіпті берік ұстанған шаруалар асыл тұқымды мал басын аттыруға бет бұрған. Өңірде бүгінде асыл тұқымды малдың үлес салмағы мүйізді ірі қара 6,2 пайызы 4 145 бас, уақмал қойдың 35,7 пайызы 91 701 бас, жылқының 6,5 пайызы 1599 бас асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарлары өсірілуде. Мал басының артуына байланысты аудан бойынша 2022-2023 жылғы қысқа түсетін шартты мал басы нақтыланып, 182,5 мың тонна шөп, 36,5 мың тонна сабан және 37,1 мың тонна жем дайындау жоспары бекітілген.

Айта кетейік, Қазалы, Арал, Сырдария аудандары әкімдерінің көрсеткіштері шамалас болды. Қармақшы, Жалағаш аудандарының әкімдеріне берілген дауыс саны да одан алыс емес. Ал Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатовтың рейтингтің соңында қалуы да заңдылық еді. Себебі ол ауданға басшы болғанына  бес айдан енді асты.

Қызылорда облысында үздік аудан әкімі анықталды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: