Жексенбі, 22 желтоқсан, 09:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қай салада да ілгерілеу бар

31.05.2023

805 0

Биыл Қызылорда қаласында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден 54 млрд теңге бөлініп, бірқатар жоба басталды. Қазір шаһарда Неке сарайы, Өнер орталығы, Қан орталығы секілді ірі нысандар салынып жатыр. «Қазгермұнай» БК» ЖШС заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының жобасын қолға алды. Облыс орталығында сәулетті, еңселі нысандар салуға жеке инвесторлар да қомақты үлес қосып отыр. Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратов қо­рының қолдауымен ақпан айын­да құны 15 млрд теңге бола­тын Қорқыт ата әуежайы тер­ми­налының құрылы­сы бас­тал­ды. Жалпы аумағы 7,5 ­мың шар­шы метр болатын нысан­­ның бас мердігері – «Elite Insaat» компаниясы мен «Ava Construction» жауапкершілігі шек­теулі серік­тес­тігі. Қала әкімі Асылбек Шәме­нов­тің айтуынша, облыстың эко­но­­микалық және инвестициялық әле­уетін көтеруге сеп болады деген ны­сан соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталады. – Сағатына 250 жолаушыны қа­былдай алатын терминалдың қас­беті әйнекпен, темір панел­дермен қапталады. Келесі ай­дың ортасында темір қаңқаны то­лық құрастырып бітеміз. Бар­лық құрал-жабдықты Еуропа елдерінен әкеліп орнатамыз, – дейді тапсырыс беруші компания өкілі Онур Теджмер.

Биыл қалада көше құры­лы­сы мен жөндеуге баса мән бері­ліп отыр. Облыс орталығын күре жолмен байланыстыратын ­Бей­ба­рыс сұлтан даңғылын абаттан­ды­­ру­ға республикалық бюджеттен ­­1 млрд 741 млн теңге бөлініпті. Қа­зір «ТехоснасткаРемсервис» ЖШС мамандары «ПрофЭкс­перт и К» ЖШС жобасы бойын­ша облыс әкім­дігі алдындағы бір шақырымдық аумаққа су­бұр­­қақтар салып, жұрт серуен­дей­тін алаңдар жасауға кірісіп кетті. Биыл наурыз айында бас­талған жұмыс қараша айында тия­нақталып, қолданысқа бері­лу­ге тиіс. Келешекте мұнда жарық шамдар орнатылып, ойын, спорт алаңдары пайда болады.

Жұмыс басталғанда осы ма­ңай­­­дан алынған тал-дарақтың жағ­дайына алаңдағандар көп бол­ған еді. Қалалық тұр­ғын үй-ком­му­нал­дық ша­руа­шылығы, жолау­шы­лар көлігі және автомобиль жолдары бө­лімінің басшысы Жеңісбек Фай­зул­лаевтың айтуын­ша, талдар сол күйінде мектептер аулаларына апарып отырғызылып­ты. Облыс әкім­дігі ғимаратының алын­ған темір шар­бақтары бір­қатар білім ұйымдары нысан­дарын қоршауға жұмсалып, пай­даға асқан.

Даңғылдың «Қызылорда – Құм­­көл» күре жолына дейінгі 4,2 ша­қырымын жаңғыртуға респуб­ли­калық, облыстық бюджеттерден 2 млрд 349 млн теңге бөлініп, осы саладағы тәжірибелі меке­ме «УАД» ЖШС қазан айына де­йін тар жолды кеңейтеді. Қала­да­ғы жылу жүйесін жөндеуге биыл ­республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінсе, соның ауқым­ды бөлігі осы даңғылдағы жылу құбырын жер­астына түсі­руге жұмсалады екен. Осы жы­лы қалада жол құрылысы мен жөн­­деуге 12 млрд теңге қаралып отыр.

– Бұл ретте біз қаланың шет аймақ­тары тұрғындарының тіле­гін ескеріп отырмыз. Ұзын саны 244 көшені қамтитын жоба аясында «Шанхай» бөлігінде 26 көше ас­фальтталып, 39 көшеге тас төселеді. Жаңадан қалыптасып келе жатқан Бәйтерек шағын ауда­нында 12 шақы­рымдық 7 көше салынды. Жоба шең­берінде облыс орталығындағы 21 аула абаттандырылады, – дейді қала әкімі А.Шәменов.

Қазір шаһар халқы­ның саны қа­лаға қарасты ауылдық округ тұр­ғындарын қосқанда 350 мыңнан асады. Іргедегі елді ме­­кендегілердің көбі қалада жұ­мыс істейтіндіктен таңертең жә­не кешке Батыс шағын ауда­нын­­­­дағы көпір мен Қорқыт ата кө­­шесі бойындағы теміржол ас­­тын­­дағы өткел маңында кә­дім­­гідей кептеліс пайда болатыны байқалып жүр. Осыны болдырмаудың амалы қолға алы­ныпты. Пойыздың өткенін күтуге тағаты жетпей «әп-сәтте арғы бетке шыға салам» деген талайлар ажал құшқан «Шұғыла» шағын ауданы тұсынан жаяулар үшін теміржолды асып өтетін өткел түседі. Ескі өткел тұсында 6 млрд теңгеге жерасты жолы салынбақ.

Қаладағы Абай даңғылының бойындағы үйлердің қасбеті биыл да әрленіп жатыр. Кәсіпкерлер мұрындық болған бастама аясында бұған осы жылы сырлағаның Сырдың желі мен аптабына шыдас бермей, алты айдан кейін ажары кете бастайтын бояу емес, арнаулы темір қаптама қол­да­нылмақ. Әр компанияның шы­ғыны шамамен 15-30 млн теңгедей болады. Тіпті 94 млн теңгеге үлкен бір тұрғын үйді қаптап жатқан кәсіпкер де бар.

– Бұрын бір үйді бояуға 5-6 млн теңге жұм­сай­тынбыз. Бірақ жылға жетпей өңі кетіп қалатын. Ал темірмен қапталған үй 20-30 жылға дейін сыр бермек емес. Негізгі жұмысты бітіргесін үй айналасын жарықтандыруға кірісеміз, – дейді «Орион ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Асхат Жаңабергенов.

Қала әкімі Асылбек Өмірбек­ұлы­ның айтуынша, қазір бұл аумақта «Алтай металл», «Ме­талл профиль» және «Орион ЛТД» серіктестіктері жұмыс іс­теп жатыр. Жалпы, жыл са­йын кә­сіп­керлер облыс орталығын сәу­лет­тендіруге 10-12 млрд теңге көле­мінде қаржы жұмсайды.

Қазір Қызылорда тазалығы жа­ғынан еліміздегі біраз облыс орта­лықтарының алдында тұрғаны анық. Бұл – ең алдымен талапқа сай жұмыс істеп отырған «Қызылорда тазалы­ғы» мекемесі жұмысшыларының еңбегі. Осы жылы шаһардың шырайын кетірмей ұс­тап отырған мекемеге 759 млн тең­ге бөлініп, оған 20 арнаулы техника алынды. Былтыр да 11 кө­­лік алған мекеменің мүмкін­дігі осы­лайша арта түсті. Қоғам­дық ­кө­ліктерде тегін жүретін мекеме жұ­мысшыларының жағдайы – әрда­­йым билік өкілдерінің назарында. Олар­ға еңбек демалысына шыққанда ­дем­алыс орындарына тегін жолда­ма беріледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: