Бүгін «Қала күні» мерекесі аясында өткен «Бақ-ырыстың арнасы – Қызылордам!» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде дәстүрлі «Үздік аула» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Шаһарды жасыл-желекке айналдыру бағытындағы жұмыстарға өз үлестерін аянбай қосып келе жатқан қала тұрғындарын ынталандыруды мақсат еткен бұл байқау 2018 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.

Аталған байқаудың жеңімпаздарына қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қала әкімінің дипломын және қаржылай сыйақыларын табыстады.

Биыл сегізінші мәрте өткізілген «Үздік аула» байқауына қатысуға оннан аса аула өтінім білдірді. Байқау үздіктерінің ішінен З. Шүкіров көшесі, №100Г үйдің тұрғыны Сәлима Көптілеуқызының ауласы комиссия шешімімен басым дауысқа ие болып, жеңімпаз атанып, 200 мың теңге қаржылай сертификатқа ие болды. ІІ орынды (150 мың теңге қаржылай сертификаты) Қорқыт ата көшесі, № 239 үй тұрғыны Зайнап Бакирқызы иемденсе, ал ІІІ орын (100 мың теңге қаржылай сертификаты) – Әйтеке би көшесі, №27 үй тұрғыны Валентина Алексеевнаға бұйырды.

«Бірлігі жарасқан аула» номинациясымен Байсеитова көшесі, №100 тұрғын үй тұрғыны Светлана Анатольевна, «Еңбекқор бағбан» номинациясымен «Шұғыла» мөлтек ауданы, № 27 тұрғын үй тұрғыны Күлзираш Әлібекқызы және «Әсем аула» номинациясымен «Шұғыла» мөлтек ауданы, №30 тұрғын үй тұрғыны Гүлсім Мәлікқызы марапатталды. Марапат иелеріне 70 мың теңге қаржылай сертификаттары табысталды.
Шарада Қызылорда қаласының тазалығын қамтамасыз етуде тынбай еңбек етіп жүрген тазалық қызметкерлері де марапатталып, қала әкімінің «Алғысы» мен 70 мың теңге қаржылай сертификаттары табысталды.
Айта кету керек, жеңімпаз атанған тұрғын үй ауласына «Үздік аула – 2025» тақтайшасы орнатылды.
Көпқабатты тұрғын үй ауласын өз еңбектерімен жасыл-желекке айналдырып, сүйікті қаламыздың көгалдануына белсенді үлесін қосып жүрген барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!