Жексенбі, 22 желтоқсан, 00:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада 116 елді мекен кене шағу қаупі жоғары аймақ болып танылды

05.04.2022

1499 0

Қызылордада 116 елді мекен кене шағу қаупі жоғары аймақ болып танылды

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – табиғи ошақтық аса қауіпті, өлім көрсеткіші өте жоғары ауру.

Қызылорда облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының  (КҚГҚ) табиғи ошағында орналасқан. 2020 жылы аталған індеттің 9 жағдайы тіркелсе, 2021 жылы 12 жағдайы орын алды. Балалар мен жасөспірімдердің ауыру  және өлім-жітім жағдайы болған жоқ.

Биыл өңірде КҚГҚ бойынша 116 елді мекен қолайсыз деп есепке алынды: Аралда-25, Жаңақорғанда-19, Шиеліде-16, Қазалыда-14 елді мекен. Бұл елді мекендердің залалсыздандыру іс-шараларына жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған. Ал қолайсыз деп танылмаған елді мекендердің тұрғындары залалсыздандыру жұмыстарын өз қаражаттарына жүргізеді.

Бүгінгі күні облыста эпидемиялық маусымның басталуына орай аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы  профиактикалық шаралар басталып кетті.

Медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және  т.б. қажетті құрал-жабдықтар қоры  жасақталды.

Энтомолог мамандардан тұратын 3 арнайы жұмысшы топ құрылып,  239 елді мекенде зоологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде.  Жұмыс барысында 5 154 кене жиналып, 503 сынама  зерттелді. Нәтижесінде жануарлардан және далалық жерлерден жиналған кенелердің 7 сынамасынан «оң» нәтиже анықталды. Кенелердің ересек және нимфа (жас) түрлері табиғатқа  белсенді шыға бастағаны анықталды. Себебі ағымдағы жыл басынан бері кене шағумен медициналық көмекке 11 адам жүгінді. Барлығы медициналық бақылауға алынды.

Жыл сайын қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары 2 мәрте жүзеге асырылады. Бұл кезеңде буферлік аймақтарды, мал бастарын және мал қораларын кенеге қарсы залалсыздандыру іс-шаралары жүргізіледі.  

Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді киімдер киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып киюі қажет. Адам денесіне кенелерді жолатпайтын репелленттер мен кремдерді жағу арқылы да қорғануға болады. Ауыл шаруашылығы жануарларын күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында денесі мен киімдерін кенелерден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.

Ауруды жұқтыру көктемгі-күзгі маусымдарда тіркеледі ҚКГҚ вирусының негізгі тасымалдаушысы иксод кенелері болып табылады. Олар күн жылысымен жануарларға және адамдарға шабуыл жасайды. Адамдарға бұл індет денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда жұғады. Сонымен қатар, Конго Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған науқасқа күтім жасау кезінде науқастан әр түрлі (мұрын, тіс, жарақат және басқа да) қан ке-тулер кезінде денені қорғаныш (маска, резенке қолғап) құралдарынсыз күтім жасаған сау адамға немесе медициналық қызметкерлер осы індет жұқтыру қауіпі жоғары. Адам ағзасына вирус енгеннен кейін аурудың орташа жасырын кезеңі 2-14 күн аралығында білінеді.

Вирус қан тамырларын зақымдап, өткізгіштік қасиетін жоғарылатып, қан ұю жүйесін бұзады. Сырқаттану жіті басталады, дене қызуы 39-41 градусқа дейін көтеріліп, мұрыннан, тістен, қызыл иектен, жатырдан, асқазан, өкпеден, көзден қан кетуі мүмкін. Тері бөртпелері және тері астына қан құйылу арқылы көкала дақтар пайда болады. Лоқсу, құсу, іш өту сияқты симптомдар пайда болуы, ине салған жерлердің көгеруі, бет ісініп, қызаруы да індетке тән белгілер.

Көп жағдайда тұрғындар кенені жалаң қолмен ұстап, өз денесінен, жануарлардан жұлып алып,  сақтық шараларына немқұрайлық танытып жатады. Клиникалық белгілері байқалған жағдайда қолайсыз ауа-райымен, тағамнан уланумен, салқын тигізумен байланыстырып, медициналық көмекке дер кезінде жүгінбейді. Соның салдарынан ауру асқынып, соңы өлім жағдайларына әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге жүгініп, уақытылы ем қабылдайтын болса, аурудан толық жазылу мүмкіндігі бар екендігін ескерген жөн.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық

қадағалау бөлімінің басшысы   

Ж.Жетілгенова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: