Жаңақорған ауданында мектептің бас есепшісі болған Абзал Сейдековке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Ол қызмет бабын пайдаланып, мемлекеттік мекеме қаржысын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу барысында анықталғандай, А.Сейдеков 2023 жылдың 1 қаңтарынан 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта өзіне сеніп тапсырылған лауазымдық міндеттерін теріс пайдаланып, мектеп қызметкерлерінің айлық жалақысын есептеу кезінде үнемделген қаражатты өз шотына заңсыз аударып отырған. Ол жалпы сомасы 36 миллион теңге көлемінде қаражатты жымқырып, оны «Pin Up» букмекерлік қосымшасы арқылы құмар ойындарына жұмсаған.
Алайда тергеу барысында келтірілген залал толығымен өтелді — 36 миллион теңге бюджетке қайтарылды.
Сот А.Сейдековті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету, аса ірі мөлшерде) кінәлі деп танып, 7 (жеті) жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, есепшілік қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды.
Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады.
Қызылорда облысы бойынша
экономикалық тергеп-тексеру департаменті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!