Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы Айттау дәстүрі аясында мешіт жамағатымен бірге қала тұрғыны, ардақты ақсақал Ағытай қарияның шаңырағына арнайы барып, Ораза айт мерекесімен құттықтады.
Ағытай Қожабайұлы – облыстық мешіттің ақылгөйі әрі бес уақыт намазға үзбей қатысқан тұрақты жамағаты. Өткен жылдың шілде айынан бастап денсаулығына байланысты мешітке келе алмай қалған болатын.
Айттың алғашқы күнінде ұйымдастырылған бұл тағылымды шара – халқымыздың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ізгі дәстүрлерінің бірі. Айттау – үлкенге құрмет көрсетіп, батасын алу, ағайын-туыс пен көрші-қолаңның арасын жақындататын рухани құндылықтардың көрінісі.
Кездесу барысында бас имам ақсақалдың хал-жағдайын сұрап, ақ тілегін жеткізді. Сондай-ақ, жиналған жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтап, ел бірлігі мен татулығының маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде Ағытай ақсақал келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.


ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
