Сейсенбі, 25 қараша, 23:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90 (2202)
25.11.2025
PDF мұрағаты

Қызылордада «Бізді біріктірген шаңырақ» медиа-фесті өтті

25.11.2025

46 0

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында Қызылорда қаласында облыстық Ассамблея жанындағы Журналистер клубының жылдық жұмысын қорытындылайтын «Бізді біріктірген шаңырақ» медиа-фест – 2025 салтанатты түрде өтті.

Қызылордада «Бізді біріктірген шаңырақ» медиа-фесті өтті

Бұл күні өңірлік медианың ең белсенді өкілдері бас қосып, бір жыл бойы бірлік пен татулық, қоғамдық келісім құндылықтарын насихаттаудағы ортақ еңбегін саралады. Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов сөз сөйлеп, журналистердің қоғамдағы рөлі мен ақпараттық кеңістіктегі ықпалын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Журналистер мен сарапшылар клубы этножурналистика бағытын дамыту арқылы аймақтағы этносаралық татулық идеясын жүйелі насихаттап, шығармашылық пен қоғамдық жауапкершілік тоғысатын алаңға айналған.

Қызылордада «Бізді біріктірген шаңырақ» медиа-фесті өтті

Биыл клуб құрамындағы 20-дан астам кәсіби журналист пен сарапшы 4000-нан астам материал жариялап, 2860-қа жуық жазбаны әлеуметтік желілерде таратқан. Бұл – медиа саласының қарқынды еңбегін көрсететін, қоғамдағы бірлік саясатын нығайтуға қосылған маңызды үлес. Мерейтойлық жылда жүзеге асқан «Екі жұлдыз» ән байқауы, «Қуатты қаламгер» тимбилдингі, сондай-ақ журналистер арасындағы «Достық Live» футбол турнирі – шығармашылық ынтымақтастықтың, кәсіби байланыстың және достықтың жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдеді. Әсіресе «Екі жұлдыз» жобасының республикалық деңгейде өткізуге ұсынылуы – өңір журналистерінің жаңа қырын ашқан ерекше бастама ретінде бағаланды.

Қызылордада «Бізді біріктірген шаңырақ» медиа-фесті өтті

Медиа-фест барысында клубтың белсенді 20 мүшесіне арнайы марапаттар табысталды. Әр қатысушыға диплом, естелік статуэтка, бағалы сыйлық пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген «Этносаясат глоссарий-тезаурусы» жинағы берілді. Бұл марапаттар журналистің еңбегіне құрмет қана емес, ақпараттық саладағы кәсіби дамуына бағытталған қолдау екенін айқындады. Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, «Туған ел», «Назқоңыр», «Бақыт құшағында» сынды көркем туындылар кештің әсерін арттыра түсті.

Қызылордада «Бізді біріктірген шаңырақ» медиа-фесті өтті

Жиын барысында өңірдің маңызды жаңалықтарының бірі ретінде жаңа Достық үйінің жуырда ел игілігіне берілетіні айтылды. Бұл этносаралық келісім мен мәдени байланыстарды нығайтатын тағы бір маңызды қадам болмақ. Кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, алдағы жылға да ортақ мақсат – татулық пен бірлік идеясын кеңінен насихаттауға ниеттес екенін жеткізді.

Қызылордада «Бізді біріктірген шаңырақ» медиа-фесті өтті
Қызылордада «Бізді біріктірген шаңырақ» медиа-фесті өтті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: