Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесі күні қарсаңында дөңгелек үстел өтті.
«Достық, береке, бірлік – Тәуелсіздік тірегі» атты шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, жоғары оқу орындарының басшылары, көрнекті ғалымдар, қала және аудандардағы зиялы қауым өкілдері бейнебайланыс арқылы қосылып, қатысты.
Шараға қатысушылар ең алдымен «Сыр елі суретші көзімен: Кеше. Бүгін» атты облыстық суретшілердің жылжымалы көрмесін тамашалады. Көрмеге Сыр өңірінің белгілі суретшілерінің туындылары қойылды.
Іс-шара модераторы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысушыларды татулық пен достықты ту еткен – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күнімен құттықтап, дөңгелек үстел жұмысының маңызын атап өтті.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Елбасының көшбасшылығының арқасында, ел болып бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, ұлттық рухы берік, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет болып құрдық. Еңселі ел, іргелі мемлекет атануымызда бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарына негізделген Қазақстан халқы Ассамлеясының орны ерекше», – деді Мира Қазбекова.
Дөңгелек үстелді бейнебайланыс арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан қосылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Ынтымаө, бірлік, келісім, ең асыл бақыт – ел үшін» тақырыбындағы баяндамасымен жалғастырды. Сондай-ақ ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов «Елбасы және Тәуелсіздік: Татулық пен келісім жолы» тақырыбында баяндама жасады. Ал облыстық неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Светлана Крюгер «Бірлік пен бейбітшілік – біздің ортақ мүддеміз» тақырыбында баяндама жасады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті, ҚХА жанындағы «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Елена Пак және облыстық «Кызылординске вести» газетінің жауапты хатшысы, журналист Кирилл Денисов танымдық шарада тұщымды ойларын ортаға салды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова мазмұнды шараны қорытындылай келе, Тәуелсіздік жылдарында дамудың қалыптасқандығына тоқталып, қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің бірлігі мен әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі, халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі әрдайым берік болып, бірлігіміз мәңгі жасай берсін деген тілегін білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!