Қызылорда қаласында спорт сүйер қауым асыға күткен айтулы дода басталды. 10-12 сәуір күндері қаланың сол жағалауында орналасқан «Теннис» орталығында Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы ІІ халықаралық турнир өтіп жатыр.
Аталған дүбірлі жарыс қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз конференциясы өтіп, байрақты бәсекенің маңызы мен ерекшелігі баяндалды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев өз сөзінде турнирдің өңір спорты үшін маңызы зор екенін атап өтті:
-Бұл халықаралық турнир Сыр өңіріндегі спорттың дамуына серпін беретін маңызды шара. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа 20-дан астам мемлекеттен, атап айтқанда Әзірбайжан, Бразилия, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Түркия, Үндістан және өзге де елдерден келген 200-ге жуық спортшы қатысады. Балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды, – деді Бақтияр Ғарифоллаұлы.
Ал ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов турнирдің халықаралық деңгейіне ерекше тоқталды:
-Қызылорда төрінде өтетін бұл дода әлемдік күнтізбедегі маңызды жарыстардың біріне айналып келеді. Олимпиада, әлем және құрлықтық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатысуы турнирдің беделін айқындайды, – деді ол.

Халықаралық турнирге арнайы келген шетелдік спортшылар да ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді. Қырғызстандық жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Руслан Царёв өз әсерімен бөлісті:-
-Қазақ халқының қонақжайлығына тәнтіміз. Қызылордадағы жарыстың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде. Мұндай турнирлер спортшылардың шеберлігін арттыруға үлкен ықпал етеді, – деді ол.
-Бұл жарыс – тәжірибе алмасуға таптырмас алаң. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Қатысушылардың деңгейі өте жоғары, – деп пікір білдірді өзбекстандық бапкер, жастар арасындағы әлем чемпионы Бабур Зайлобидинов
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
