7–8 қараша күндері Қызылорда қаласында облыс әкімінің қолдауымен «Inno.Fest» Qyzylorda 2025 инновациялық жобалар фестивалі өтеді.
Шараның негізгі мақсаты – аймақ дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ саласына қызығушы жастардың жобаларын дамытуға және қаржыландыруға мүмкіндік беру. Фестиваль аясында «Software dev», «AI», «Movies&video» бағыттары бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін ІТ жобалар жасалады. Сонымен қатар, стартап-көрмелер, мастер-кластар ұйымдастырылып, үздік жобаларға арнайы сыйлықтар мен оқу гранттары табысталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімі аппаратының “Ақпараттық технологиялар орталығы” директоры Қанат Қараев және Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Түбекбаев Жанарыс мәлімдеді.
«Inno.Fest» Qyzylorda 2025 фестивалі – өңіріміздегі ІТ экожүйенің дамуына тың серпін беретін маңызды бастама. Бүгінде технология мен инновация – экономикалық өсімнің, әлеуметтік прогрестің басты тетігі. Біз осы бағытта жастардың әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл фестиваль жас таланттарға өз идеяларын таныстырып, тәжірибелі мамандармен, инвесторлармен және кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Фестиваль барысында қатысушылар өз жобаларын шынайы жағдайда сынап, 24 сағат ішінде идеядан дайын өнімге дейінгі процесті жүзеге асырады. Мұндай тәжірибе – жастар үшін үлкен мектеп. Сонымен қатар, үздік жобаларға қолдау көрсетіліп, қаржыландыру және әрі қарай дамыту тетіктері қарастырылады. Біздің басты мақсатымыз – Қызылорданы инновация мен технологиялар орталығына айналдыру. Осы орайда, ІТ саласын дамыту арқылы өңірдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыруға бар күшімізді саламыз,-деді Қанат Қазбекұлы.
«Inno.Fest» фестивалі – шығармашыл жастар мен ІТ мамандардың басын қосатын ерекше алаң. Мұнда әр қатысушы өз идеясын жүзеге асырып қана қоймай, оны инвестициялық жоба деңгейіне жеткізуге мүмкіндік алады. Фестивальдің форматы – хакатон түрінде өтетіндіктен, қатысушылар нақты уақыт режимінде жұмыс істеп, қысқа мерзім ішінде инновациялық өнім әзірлейді. Бұл – заманауи технологияларды қолдану дағдыларын жетілдірудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Сонымен қатар, шара барысында елімізге танымал ІТ мамандары мен медиа, кино индустрия өкілдері арнайы келіп, тәжірибелерімен бөліседі, мастер-кластар мен пікірталас алаңдары ұйымдастырылады. Мұндай кездесулер жастардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, жаңа идеялардың тууына жол ашады.
«Inno.Fest» – бұл Қызылорда жастарының инновациялық ойлауын дамытатын, олардың армандарын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік беретін платформа. Біз өңірлік ІТ қауымдастықтың дамуына барынша қолдау көрсетіп, жас таланттарға сенім артамыз. Барлық креативті, жаңашыл жастарды осы үлкен фестивальге белсенді қатысуға шақырамын,-деді Жанарыс Алтынбекұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!