Бүгін қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейіловтың төрағалығымен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Қызылорда қалалық Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Кеңес төрағасы Жанмұрат Сейілов мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын жақсарту, мәдениет және спорт саласындағы қолжетімділіктер және «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүргізілетін мониторинг жұмысшы тобының атқарған жұмысын саралап, жауапты сала басшыларының есебін тыңдады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева хабарлама жасады. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту, жұмысқа орналасуына, сондай-ақ қайта кәсіптік даярлауға көмектесіп, әлеуметтік мәселелерін шешу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. 2023 жылға жоспарланған 35 әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарының 21-і бейімдеуден өткізіліп, мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді болып, «Интерактивті қолжетімдік картасына» енгізілген.
Осы ретте, кеңес төрағасы мүгедектігі бар жандарға арналған пандустардың орнатылуы көп жағдайда сын көтермейтінін алға тартты. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермес үшін алдағы уақытта мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне кіріп-шығуын қамтамасыз ету талабын сақтамаған мекемелердің лауазымды тұлғаларына әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша тиісті шара көріліп, жауапкершілігі қаралатындығын ескертті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов мүгедектігі бар адамдарға мәдениет және спорт саласындағы қолжетімділігі туралы баяндады. Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдарға қоғамда тең мүмкіндіктер жасау үшін мәдениет және спорт саласында да қолжетімділік жасалуда. Соның бірі, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің кіре берісіне өткен жылы мүгедектігі бар адамдарға мініп-түсуі ыңғайлы болу үшін қолжетімділік жасалды. Ендігі ретте, кеңес төрағасы Жанмұрат Жақсымұратұлы А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің сахнасына
кресло-арбамен қозғалатын мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік жасау үшін есептерді жүргізіп, бюджеттік өтінім ұсынуды жүктеді.
Келесі, Қызылорда қалалық филиалы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының үйлестірушісі Димаш Кенжалиев «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүргізілетін мониторинг жұмысшы тобының атқарған жұмысына тоқталып өтті. Баяндама негізінде кеңес төрағасы әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысан иелері бейімдеу жұмыстарын мерзімінде орындамаған жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін уақытылы ұсыныс беруді міндеттеді.
Жиын соңында қалаішілік қоғамдық көліктерде мүгедектігі бар адамдарға қарастырылған жеңілдіктер туралы қозғалып, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаевқа ҚР-ның «Автомобиль көлігі туралы» заңына енгізілген өзгерістер негізінде І-топтағы мүгедектігі бар адамдарға қалішілік қоғамдық көліктерде жеңілдік енгізуді қарастыруды және қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолындағы, бағдаршам жолақтарында, аялдамаларда және қоғамдық көлікерде мүгедектігі бар адамдарға заң аясында қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!