Бейсенбі, 04 қыркүйек, 12:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№66, 2179
03.09.2025
PDF мұрағаты

Қызылордада Қазақстан халқы тілдері күні кең ауқымда аталып өтеді

04.09.2025

63 0

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай облыс көлемінде ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Мерекелік бағдарламаларда тілдің қоғамдағы орны мен маңызын насихаттайтын мәдени-танымдық кездесулер, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер мен жастарға арналған түрлі байқаулар өткізілмек.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, көпұлтты елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталған бастамаларға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл туралы бүгін облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов және Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Абайбек Жүнісов айтты.

– Қазақстан халқы тілдері күні – ел бірлігін, тілге деген құрметті айшықтайтын маңызды мерекелердің бірі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы қаулысына сәйкес, бұл мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырыла бекітіліп, жыл сайын 5 қыркүйекте аталып келеді. Ахмет Байтұрсынұлы – халқымыздың тағдыры мен тілі үшін күрескен, қазақ әліпбиінің негізін салған ұлы тұлға. Биылғы тілдер мерекесі халқымыздың рухани дамуы мен мәдени мұрасын ұлықтауда аса маңызды тарихи кезеңдермен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Тәуелсіздігіміздің тірегі – Конституциямыздың 30 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Мұның барлығы – тіліміздің мәртебесін, ел бірлігінің берік негізін айқындайтын аса маңызды оқиғалар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында мемлекеттік тіл мәселесіне үнемі назар аударып келеді. Президенттің «Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қарым-қатынас тіліне айналады» деген сөзі – баршаға үлкен бағдар. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың тұғыры, елдіктің өзегі, болашаққа аманат. Тілдер мерекесі – Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің ортақ мейрамы. Бұл күні әркім өз ана тіліне құрмет көрсетіп, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосудың маңыздылығын сезінеді. Осы мақсатта облыста арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, 2-11 қыркүйек аралығында онкүндік жарияланды. Оның алғашқы күні «Тіл болашағы – балабақшада» тақырыбымен басталып, бүлдіршіндерге арналған акциялар өтеді. Ал негізгі салтанатты жиын 5 қыркүйек күні Достық үйінде ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, онкүндік аясында шығарма, эссе, бейнероликтер байқаулары, дөңгелек үстелдер, көрмелер, пікірталастар мен мәдени шаралар өткізіледі. Әрбір күнге мазмұнды тақырыптар бекітілген. Жалпы, тіл саясатын жүзеге асырудағы жұмыстар тек мереке аясында ғана емес, жыл бойына үздіксіз жалғасатын болады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны ғылым мен білімнің тіліне айналдыру – басты міндеттердің бірі, – деді Руслан Мұхамедәліұлы.

– Баршаңызды ел тарихындағы маңызы зор мерекелердің бірі – 5 қыркүйек, Қазақстан халқы тілдері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – еліміздегі әрбір азаматтың ана тіліне, мемлекеттік тілге деген құрметін арттыруға, көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған аса маңызды күн. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облыстық филиалы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, мәртебесін арттыруға және жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше назар аударып келеді. Осы мақсатта жыл басынан бері өңірде көптеген мәдени-рухани, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлі байқаулар, әдеби кештер, шығармашылық кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, тілдің қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған дөңгелек үстелдер, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылып, зиялы қауым мен жастар арасында қызу пікір алмасулар жүргізілді. Жыл бойына тағылымды шаралар өткізіліп келеді. Олардың барлығы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, ұрпақ санасында ұлттық құндылықтарды бекітуге, жастардың рухани дамуына айрықша үлес қосып отыр. Сонымен қатар этностар арасындағы татулық пен өзара түсіністі нығайтуға да ықпал етуде. Биылғы мереке аясында Исатай Әбдікәрімов атындағы политехникалық жоғары колледжінде «Бір шаңырақ астында – көп тіл, ортақ жүрек» атты тілдер фестивалі өтеді. Бұл фестивальде ұлттық мәдени көрмелер, әр ұлттың салтанатты шеруі, концерттік бағдарламалар ұсынылып, түрлі тілдерде ән-жыр орындалады. Бұл – көпұлтты еліміздің бай рухани мұрасын танытып қана қоймай, жас буынның бойында достық пен сыйластық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгінгі және алдағы шаралардың барлығы мемлекеттік тілді дамытуға, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған игі істердің жалғасы болмақ. Алдағы уақытта да Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді, – деді Абайбек Талғатұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: