Сәрсенбі, 19 қараша, 19:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88, (2200)
18.11.2025
PDF мұрағаты

Қызылордада тарихи мешіт туралы деректі фильм мен кітаптың тұсаукесері өтті

19.11.2025

56 0


ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен Қызылорда қаласындағы тарихи «Айтбай» мешіті туралы деректі фильм түсіріліп, кітап жарық көрді. «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» деп аталатын төл туындылардың тұсаукесер рәсімі Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өтті.

Қызылордада тарихи мешіт туралы деректі фильм мен кітаптың тұсаукесері өтті


Шара ең алдымен «Айтбай» мешітінде бабалар рухына арналған Құран хатыммен басталды.

Төл туындының тұсаукесеріне арналған салтанатты шарада келушілерге арнайы көрме дайындалды. Көрмеде мешіттің 150 жылдық тарихын зерттеу барысында отандық және шетелдік мұрағаттардан табылған құнды құжаттар қойылған.
Көрмеден соң тұсаукесер рәсіміне арналған негізгі шара басталып, қонақтар назарына деректі фильм ұсынылды.
Айтулы шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов, «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау» қоғамдық қорының вице-президенті, Өзбекәлі Жәнібековтің құдасы Тазабек Жұмасейітов ақсақал, осы қордың сарапшысы, Өзбекәлі Жәнібековтің туған немересі Әлижан Жәнібек, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Марзия Жылысбаева, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі Гүлшат Абикова, осы Ұлттық кітапхананың Анықтамалық-ақпараттық қызмет көрсету қызметінің жетекшісі Жанар Тоқтарова және «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының директоры Бауыржан Байсалбаев, Өзбекәлі Жәнібеков кесенесінің шырақшысы әрі қайраткердің немере інісі Нұржан Серімов, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің мәдени-гуманитарлық жұмыстар бойынша кеңесшісі Сержан Сәрсенбаев, белгілі өлкетанушы Сағат Жүсіп арнайы шақырылды.
Сондай-ақ, аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов және облыстық Ардагерлер кеңесінік төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алғы сөзінде: ««Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде де тарихы тереңнен бастау алатын Алланың үйлері жетерлік. Солардың арасында биыл іргетасы қалана бастағанына бір ғасырдан астам уақыт өткен «Айтбай» мешітінің орны мүлдем ерекше. Себебі ол – Қызылорда облысындағы ең көне құлшылық үйі ғана емес, сонымен қатар, сәулет өнерінің де ең көркем ескерткіші саналады. Десек те «Айтбай» мешіті өзінің 150 жылдық тарихында басынан талай ақтаңдақ кезеңдер мен нәубетті жылдарды өткізді. Міне, бастауын сонау Перовск кезеңінен алатын мешіттің тарихын түгендеп, халыққа ұсынып отырған деректі туындының біз үшін үлкен жаңалық екені сөзсіз. Осы бағыта аянбай қызмет еткен азаматтардың «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» деп аталатын еңбегіне ерекше алғысымды білдіремін. Бұл кітап – шын мәнінде, тұтас дәуірдің жүгін арқалаған құнды еңбек», – деді.

Қызылордада тарихи мешіт туралы деректі фильм мен кітаптың тұсаукесері өтті


«Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабының тұсаукесеріне кезек беріліп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Данияр Жаналинов, Тазабек Жұмасейітов, Марзия Жылысбаева, Серік Дүйсенбаев, Сағат Жүсіп сынды қадірлі азаматтар лентасын қиды.
Шара соңында «Айтбай» мешітінің тарихын түгендеуге атсалысқан азаматтар, архив, кітапхана, музей қызметкерлері Бас мүфтидің алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, мешіттің тарихын небәрі сегіз ай ішінде зерттеп, кітап қылып жазған авторлар – «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Нұрсұлтан Мықтыбай.
Бұл еңбек – мешіттің 150 жылдық тарихын тұтас қамтуға тырысқан энциклопедиялық жинақ десек те болады. Кітап жылдар бойынша хронологиялық тізбекпен, кезең-кезеңмен жазылған. Әрбір кезең немесе маңызды оқиғаларға бөлек тақырып арналады. Авторлар оны жазу барысында тек фактілерге ғана сүйенген. Әр бөлімде дәлел-дәйектер мен растайтын құжаттар, суреттер қоса беріліп отырады. Ерекше атап өтерлігі, мешітке қатысты бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, айтылмаған мәліметтер де алғашқы рет осы кітапта жарық көріп отыр.
“Айтбай” мешітінің салынуына Сыр бойында өмір сүрген Айтбай Балтабайұлы ықпал еткен. Ол Сыр елінде ислам дінінің насихатталуына ерекше еңбек сіңірген, мешіт салып, қайырымдылықпен айналысқан. Жалпы Балтабаевтар әулеті Бұхарамен сауда-саттық жасаған ауқатты қазақ отбасылардан болған.
1988 жылдың қаңтар айында «Айтбай» мешітінің ғимаратын облыстық филармонияға беру туралы шешім қабылданады. Мақсаты – камералық музыкаға арналған тыңдау залы ретінде пайдалану.
Деректерге сүйенсек, мешіт ғимаратын облыстық филармония залына бейімдеу жұмыстарымен қатар, оның алғашқы концертіне де дайындық қызу жүріпті. Бірақ мешіт филармонияға айналмайды, ішінде концерт те қойылмайды. Оған ұлт мәдениетінің жоқтаушысы, қандай қызметте болмасын елдіктің ерен үлгісін танытқан мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков себепші болады.


ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: