Кеше өнер орталығында Әзірбайжан классигі Үзейір Ғаджыбековтың «Аршын мал алан» комедиялық опереттасының тұсаукесері өтті.
«Аршын мал алан» комедиялық опереттасы Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Сыр елінде тұңғыш рет сахналанып отыр. Комедиялық опереттаның премьерасына Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова да арнайы қатысып, әуезді кештің қонағы болды.
Көрерменге бұрыннан таныс болса да, Сыр топырағында алғаш рет сахналанған мюзиклде сол замандағы қоғамдағы теңсіздік, бай-кедей арасындағы таптық айырмашылық пен махаббат иірімдері сынды өзекті мәселелер комедиялық жанрда көрініс тапқан. Бауырлас елдің танымал шығармасында ең ұлы махаббат сезімінің материалдық құндылықтан биік екендігі насихатталып, тамашалауға келген жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
- Биылғы руханият жылы қарсаңында облыс әкімінің қолдауымен біз алғаш рет Әзірбайжан классигі У.Гаджибековтың “Аршын мал алан“ атты керемет опереттасын сахналап жатырмыз. Біздің әртістеріміз үшін бұл шығармашылық серпіліс болды. Опереттаны қою барысында кәсіби мамандар жұмыс жасады. Бүгін енді қанша айлар бойғы еңбегіміз көрерменге жол тартатын болады. Барша өнер сүйер қауымның көңілінен шығатын ерекше туынды болады деген сенімдемін, – дейді музыкалық қойылымның бас режиссері Ә.Іздіқұлова.
Оперетта облыстық симфония оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Кеш соңында өнер өкілдерінің құрметіне орай аймақ басшысының ықылас гүлі табысталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!