Қызылорда облысында жемқорлыққа қатысты қылмысты хабарлағаны үшін 10 азаматқа жалпы сомасы 15 миллион теңге мөлшерінде сыйақы берілген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның ішінде үш азаматқа параның 10 проценті, яғни, 3-8 млн теңге көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы тағайындалған. Бұл сыйақы қылмыскерге қатысты сот үкімі шығып, айыпты деп танылғанда ғана беріледі.
Қызылорда облысында соңғы 9 айда 33 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған.
«Әртүрлі салалар бойынша барлығы 38 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұнда бір республикалық деңгейдегі басшы болса, 8 облыстық деңгейдегі, екі қалалық және төрт аудандық деңгейдегі басшы бар. Олардың қатарында экология, мәдениет, білім, спорт, ішкі істер, жергілікті атқарушы органдары және квазимемлекеттік сектор басшылары бар екенін атап өткен жөн. Аталған тұлғалар бойынша 60 іс сотқа жолданды», – деді брифингте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы департаменті басшысының орынбасары Руслан Ягмусов.
Брифингте келтірілген мәліметтерге сүйенсек, 9 айда 33 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс анықталды. Жемқорлық бойынша 96 іс тіркеліп, оның 60-ы сотқа жолданған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша үкіметке 742 млн 84 мың теңге залал келтірілсе, соның 513 млн 371 мың теңгесі өндіріп алынған.
Бұдан бөлек, 9 ай ішінде жүйелі жемқорлық сипатындағы 5 қылмыстық іс тіркелді. Парақорлық фактілері бойынша – 21, шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу бойынша – 5, мемлекеттік бағдарламаларды игеру бойынша 13 қылмыс анықталды.
Айта кетері, биыл сыбайлас жемқорлықпен күресу тиімділігін арттыру мақсатында Қазалы, Арал аудандарында департаменттің дербес басқармасы ашылады. Бұған аймақтың алыстығы мен халықтың тығыз орналасуы себеп болып отыр. Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, бұл жемқорлықпен күресте маңызды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!