Жексенбі, 05 сәуiр, 17:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24 (2236)
04.04.2026
PDF мұрағаты

Қызылордада жылу беру маусымы аяқталды

05.04.2026

71 0

Фото: Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

Қызылорда облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы қорытындыланып, өңір тұрғындары қыс бойы үздіксіз жылумен қамтамасыз етілді. 1 сәуір күні Қызылорда қаласы, Арал және Жаңақорған аудандарында жылу беру тоқтатылса, 2 сәуірде Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында маусым аяқталды. Ал Қазалы мен Шиелі аудандарында жылыту кезеңі 5 сәуірде толық ажыратылды.


Жылыту маусымы барысында облыс бойынша 1079 әлеуметтік нысан мен орталық жылу жүйесіне қосылған 909 көпқабатты тұрғын үй тұрақты түрде жылумен қамтылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында сала мамандары мәлімдеді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тахир Нәдірбектің айтуынша, жылыту маусымы штаттық режимде өткен. Барлық нысанды қамтамасыз етуші кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп, жылу беру сыртқы ауа температурасына сәйкес реттеліп отырған.


«Қазіргі таңда жылу желілері мен энергия көздерінде гидравликалық және температуралық сынақтар жүргізілуде. Алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу кестесі бекітілген. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында инвестиция есебінен салынған жаңа жылу электр орталығы кезең-кезеңімен іске қосылуда. Бүгінде оның 176 МВт электр энергиясын өндіру қуаты пайдалануға беріліп, жобаны толық аяқтау мамыр айына жоспарланған. Бұл өз кезегінде өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, өндіріс саласының дамуына оң серпін бермек» – деді Тахир Қуанышбекұлы.

Өз кезегінде ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті басшысының міндетін атқарушы Тұрарбек Елеубекұлы өткен күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өткенін атап өтті. Оның айтуынша, тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етіліп, жөндеу жұмыстары уақытылы әрі сапалы орындалған. Нәтижесінде электр станцияларындағы технологиялық бұзушылықтар 57 пайызға, ал электр желілеріндегі ақаулар 5,5 пайызға төмендеген.

Ал «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК филиалының директоры Хасанғали Иманғалиев қаладағы жылу жүйесінің жағдайына тоқталды.


«Қызылорда қаласында жылыту маусымы 2025 жылғы 8 қазанда басталып, 2026 жылғы 1 сәуірде аяқталған. Қаладағы жалпы жылу желілерінің ұзындығы 204 шақырымды құрайды. Оның 36 шақырымы магистралдық, ал 168 шақырымы кварталаралық құбырлар. Қазіргі таңда жылу желілерінің тозу деңгейі 40 пайыз шамасында. Алдағы уақытта жөндеу және жаңғырту жұмыстары арқылы бұл көрсеткішті төмендету көзделуде. Сонымен қатар, қала тұрғындарын ыстық сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Бүгінде 158 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылған», – деді Хасанғали Айғалиұлы.

Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: