Соңғы кездердегі мұнай қорының сарқыла бастауы аймақтағы бұл салада жұмыс жасайтын 10 мыңға жуық азаматтың әлеуметтік мәселесіне тікелей әсер етеді. Сол себепті де мұнай-газ секторындағы компанияларда қызмет ететін жұмысшылардың жалақысын қысқартпау, еңбеккерлерге әлеуметтік қолдау көрсету өте өзекті. Әсіресе, қызметкерлердің еңбек шартының сақталуы, оларға әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу мәселелері қоғамда жиі көтеріліп келеді.
Сонымен бірге сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындар арасында тарифті ұлғайту мәселесі де басы ашық сұрақтардың бірі.
Бұл өзекті мәселелерді оңтайлы бағытта шешу үшін бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Ақшабұлақ» кен орнына барып, жұмыс процесімен танысып, «Қазгермұнай» кәсіпорнындағы еңбек ұжымымен кездесті.
Кәсіпорындағы 200-ге жуық мамандармен пікірлескен аймақ басшысы кез келген компания басшысы жұмысшылар мәселесіне келгенде шиеленіске жол бермей, жұмыс орындарын қысқартпай, тұрақты түрде сақтап қалу үшін оңтайлы шешім қабылдауы қажет екенін алға тартты.
«Бүгін біз облыс әкімдігі, жұмыс беруші және кәсіподақ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандум жасасуға жиналып отырмыз.
Басты мақсат – еңбек ұжымындағы әлеуметтік жағдай мен өндірістік процестердің тұрақтылығын, жұмыс орындарын сақтау және персоналды жұмыспен қамтуды іске асыратын шараларды қабылдау.
Осы ретте, облыстағы әрбір жұмыс беруші қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын жасап, жалақыларын кезең-кезеңімен көбейтуде нақты шаралар қабылдауы тиіс.
Біз түрлі ұжымдар арасындағы кез келген әлеуметтік мәселелерді орнықты түрде шешуіміз қажет. Бұл ретте кәсіпорын мен әкімдіктің мүддесі ортақ болуы керек»,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында компанияның бас директоры Лю Шаою және бас директорының бірінші орынбасары Нұржан Әбдірахманов сөз алып, кәсіпорын тарапынан атқарылған негізгі жұмыстарды тізбектеді.
Басқосу барысында аймақ басшысы қызмет көрсететін кәсіпорындардың тарифін ұлғайту мәселесін көтеріп, әріптестерінен мүмкіндігіне қарай, мәселені тиімді шешу жолын қарастыруды ұсынды.
Кездесу аясында облыс әкімдігі мен компания бірлескен меморандумға қол қойды. Нәтижесінде, бұдан былай компания кезең-кезеңімен жұмысшылардың еңбекақысын көбейтіп, тарифті көтеруге басымдық береді. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытының жалғасы ретінде «ҚазГерМұнай» кәсіпорны «Оқушылар сарайын» салып беруді өз міндетіне алды.
Айта кетейік, облыс әкімі мен компания басшылары арасындағы келіссөздер арқасында аймақтағы 38 кәсіпорында 8 мыңнан аса жұмыскердің жалақысы 50 пайызға дейін көбейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!