Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында жергілікті IT-стартаптардың Digital Qazaqstan халықаралық форумы аясындағы жетістіктері кеңінен баяндалды. Жиын барысында спикерлер өңір жастарының жасанды интеллект, медицина және киберқауіпсіздік салаларындағы тың жобаларына тоқталып, олардың ел дамуына қосар үлесін ерекше атап өтті.
«Халықаралық деңгейдегі жетістіктеріміз кездейсоқ емес. Қызылордалық стартаптардың Digital Qazaqstan Battle ұлттық стартап-батлында жоғары нәтиже көрсетуі өңірде жүйелі түрде жүргізіліп жатқан IT-білім беру мен стартаптарды қолдау жұмыстарының айқын жемісі. Әсіресе, CortexAI жобасының II орын алып, 5 миллион теңге көлемінде инвестиция тартуы біз үшін үлкен жетістік. Бұл Kyzylorda Hub аясында жүзеге асқан Startup Orda бағдарламасының тиімділігін дәлелдейді», – деді Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Түбекбаев.
Сонымен қатар, спикер аймақтағы жас инноваторларға барлық қажетті жағдай жасалып отырғанын, алдағы уақытта мұндай жобалардың саны арта түсетініне сенім білдірді.
«Бүгінде интернет кеңістігінде алаяқтық әрекеттер мен фишингтік шабуылдар жиілеп отыр. Осы мәселені шешу мақсатында біз PhishGuard жобасын әзірледік. Жоба LLM API және жасанды интеллект алгоритмдері арқылы күмәнді сайттарды анықтап, қолданушыға нақты уақыт режимінде ескерту береді. Бұл қарапайым пайдаланушылар үшін де, бизнес құрылымдар үшін де маңызды құрал», – деді PhishGuard жобасының жетекшісі Нұрбек Әбілдаев.
Оның айтуынша, форум барысында жобаға шетелдік және отандық серіктестер қызығушылық танытып, алғашқы қолданушылар базасы қалыптаса бастаған.
Жобаның тең авторы Нұрбол Ерболұлы Оңалбеков PhishGuard жүйесінің техникалық артықшылықтарына кеңінен тоқталды:
«Біздің жоба браузерлік кеңейтім ретінде жұмыс істейді. Қолданушы кірген сайттың қауіп деңгейін төмен, орташа немесе жоғары деп автоматты түрде бағалап, бірден ескерту береді. Бұл шешім интернеттегі қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Жоба алдағы уақытта жетілдіріліп, халықаралық нарыққа шығуға бағытталады», – деді ол.
Баспасөз конференциясында ерекше назар аударылған жобалардың бірі – CortexAI. Аталған стартап жасанды интеллект көмегімен бүйрек трансплантациясынан кейінгі ағзаның қабылданбау қаупін 84% дәлдікпен болжай алады. Бұрын бірнеше сағатты қажет ететін күрделі талдау процесі небәрі 33 секундқа дейін қысқартылған. Бұл – отандық медицинаның цифрлық трансформациясына қосылған маңызды үлес. Осындай бастамалар арқылы Қызылорда өңірі еліміздің цифрлық даму картасында өз орнын нығайта түсері сөзсіз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
