Қызылордалық полиция қызметкерлері отқа оранған үйден атасы мен немересін құтқарып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Қызылорда облысы ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға болған күні Қызылорда қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары полиция капитаны Азамат Кадиров және полиция лейтенанты Сүлеймен Камалов кешкі ауысымға кезекшілікке түскен. Қос полицей бекітілген аймақтарында патрульде жүрген кезінде оқыс оқиғаға тап болады.
Нақты айтқанда, таңға таяу құқық қорғаушылар Қызылорда қаласындағы Арай ықшамауданы «Жастілек» көшесіндегі жер үйден шығып жатқан түтінді байқаған. Жедел қызметтерге хабарласып, дереу оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері отқа оранған үйден адамдарды оқшаулауға шұғыл кіріседі. Нәтижесінде, жалын шарпыған үйден ұйықтап жатқан 66 жастағы атасы мен немересін аман-есен сыртқа алып шықты. Өртке ұласу қаупі бар көрші үйдің тұрғындарын да оятып, эвакуациялап, адам шығынының алдын алды.
«Екі полиция қызметкері жалынмен арпалысып жүріп, шырт ұйқыда жатқан қария мен немересінің өмірін сақтап қалды. Өрт сөндірушілер келіп, отты өшіру жұмыстарын жүргізіп жатқан уақытта да полиция қызметкерлері сол маңда болды. Яғни, өртті сөндіру кезінде сол аумақ тұрғындарының құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бүгінде екі полицей өз кезекшілігі бойынша патрульдік қызметтерін жалғастырып жүр», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Оқиға куәгерлері тілсіз жаумен арпалысқан қос полицейдің ерлігіне алғыс білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!