Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшылығы өңіріміздің журналистер қауымымен кездесіп, оларды төл мерекелерімен құттықтады.
Байланыс пен ақпарат қазіргі таңда қоғамдық өмірдің барлық басты салаларын қамтып отырғаны белгілі. Осы ретте БАҚ тұрғындар мен билік арасындағы алтын көпір тәріздес. Бүгінде сапалы да сауатты ақпаратқа деген қолжетімділік үлкен маңызға ие.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік Әбдімәуленұлы мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екенін атап өтіп, журналистер халық пен билік арасындағы дәнекер екенін айтты.
«Журналистің жұмысы қай кезеңде де өте жауапты және құрметті. Бүгінде ақпарат айдынында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымы заман көшінен қалмай қызмет атқарып жүр. Жаңалықтарды салмақты сөз, тұшымды пікірлеріңізбен жеткізіп, халықтың жүрегіне жол тауып келесіздер. Қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау, қылмыс пен құқық бұзушылықпен күрес тақырыбында қалам тербеп, ақпарат айдынында еліміздің дамуы мен гүлденуіне елеулі үлес қосып жүрген қызметтеріңіз үшін, жүйелі ынтымақтастық үшін шын жүректен алғыс айта отырып, Сіздерге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!» деді Серік Әбдімәуленұлы.
Бүгінгі мерекелік шара барысында полицияның имиджін көтеріп, беделін арттыру, қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу тақырыбындағы іс-шараларды көрсетуге, кеңінен ақпараттандыруға қосқан үлесі үшін бір топ журналистер департамент басшылығы тарапынан «Алғыс хаттармен» марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Сонан соң полиция қызметкерлері журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырып, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтайтын бейнекамералар орналасқан Жедел басқару орталығының ғимаратына барды.
Қала өмірін көгілдір экраннан көруге мүмкіндік алды. Полицияның тыныс – тіршілігімен танысқан журналистер өз алғыстарын білдірді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!