Қазір әлеуметтік желіде менің туған өлкем Қызылорда жайлы және онда тұрудың немесе қызылордалық болудың артықшылықтары туралы көптеген жазбалар бар. Рас, оқысаңыз, көңіліңізді шаттық кернеп, қуанып-ақ қаласыз. Осы ойларға мен де өзімнің туған қаламды жақсы көрудің 5 себебі деген басқаларды қайталамауға тырысқан пікірімді қосқым келеді.
Біріншіден, біздің қалада құрылыс қарқынды. Бұл дегеніміз – қаланың жарқын болашағына деген біздің сенімімізді күшейте түседі. Құрылыс – қайнаған қызу тіршіліктің белгісі. Құрылыс қалада адам санының өсіп жатқанын, халықтың демографиялық дамуын, сонымен қатар үйлерге қажеттілік артып жатқанын білдіреді. Бұл құрылыстардың қатарында тұрғын үйлер ғана емес, мектептер, театр, өнер үйі, т.б. мәдениет ошақтарының да болуы тіпті қуантады. Руханият ошақтарының көп болуы – халық мәдениетінің маңызды бір бөлігі деп санаймын.
Осы құрылыстар арқылы қаланың кеңейіп жатқанын да көріп отырмыз. Бұрын ата-әжелеріміздің айтуында о шеті мен бұ шетіне жаяу баруға мүмкіндік болса, қазір қаламыздың ұшы-қиырын ойша елестетудің өзі қиындау.
Екіншіден, біздің қаламызда демалыс орындарының саны артып келеді. Тағы да аға-апаларымыздың айтуына сүйенсек, бұрын жастар қайда баратынын, қалай баратынын жақсы білсе, бүгінде үлкен таңдауға мүмкіндік бар. Жайлы да жарқын атмосферасына қарап орын таңдауға болады. Демалыс орындарының көбеюі, бір жағынан, демалуға, адамдардың бір бірімен жүздесіп, дидарласып, көңіл-көтеруіне ыңғайлы, әңгімелесіп отыратын орындарға сұраныс бар дегенді білдіреді. Демек біздің қала халқы демала біледі. Жақсы демалу үшін жақсы жұмыс істеу керек екенін де жақсы біледі.
Үшіншіден, қалада дамып келе жатқан жақсы қызметтің бірі – курьер. Бұл, бір жағынан, жастарға қосымша табыс көзі болса, екінші жағынан, халықтың жағдайы біршама жақсы дегенді де білдіреді. Өйткені арнайы шақырып, біреуді жұмсау үшін де немесе керегіңді қажет жеріне алдыру үшін де оған ақша төлейтінін жақсы білесіз. Сондай-ақ бұл біздің қала тұрғындарының уақытын үнемдеуге деген ұмтылысын да аңғартады.
Төртіншіден, қоғамдық көліктердің жағдайы анағұрлым жақсарып келеді. Бұрын, шыны керек, ата-анаммен немесе үйдегі үлкендермен көшеге шыққанда таксиге міне салсақ екен деп тұратынмын. Қазір қыстыгүні жайлы жылы, жыздыгүні сап-салқын болып тұратын әрі жиі қатынайтын қалаішілік автобустарға мінгеннің өзі бір ғанибет. Кейде баяу қазақ әндері қосылып тұрса, қаланың көрікті келбетіне қарап көз сүйсінеді, діттеген жерге қалай жеткеніңізді аңдамай да қаласыз.
Бесіншіден, қаламыздың айнадай тазалығына көз сүйсініп, көңіл қуанады. Тазалық – иманның жартысы. Тазалық – қала мәдениетінің айнасы.
Мен сені жақсы көремін, туған қалам – Қызылордам!
Мәдина ҒАЛЫМҚЫЗЫ,
Қ.Мұхамеджанов атындағы
мектеп гимназиясы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!