Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 19:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қызым үйде, қылығы түзде

04.04.2023

2730 0

Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі біз қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз.  Жалпы отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал шаңырақтың алтын қазығы – әйел. Ата-бабамыз бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі өнеге көрген қыз баланың ертеңгі күні ибалы келін болатынын ертеректе айтып кеткен.

Салт-дәстүрде де қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстары өте көп.  Қазақ қызды кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мін­гізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сон­дықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезі­нің мәні бол­майды» деп, қыз көзінше өрескел, бей­піл сөз сөй­лемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Оң жақта отырғанда жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз», – деп жазады.

Міне, қазақ қыздары ата-анадан осылай тәрбие алып, өз отбасының ұйытқысы бола білді. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Жасыратын несі бар, бүгінде күйбең тіршіліктің соңында, азаннан кешке дейін жұмыста жүрген кейбір ата-ананың баласына көңіл бөлуге уақыты жоқ.

Өкінішке орай, соның салдарынан қазір қаршадай қыздың оғаш қылығы мен ашық-шашық киімінен көз сүрінеді.

– Қазіргі  кезде  жас қыздардың тәртібі төмен. Тіпті мектеп оқу­шысының өзі боянып-сыланып көшеге шыққанда үлкен қыз­дардан айырмашылығын бай­қау қиын. Көшеде  белдері  мен  кіндігін көрсетіп шалбар киген қыз  баланы көреміз. Ол қыз ертең қандай дені сау ана болып,  болашақта  дүниеге дені сау перзент әкеле алатынына кім кепіл бола алады. Бесіктен белі шық­пай жатып, ұста­ғаны ең соңғы үлгідегі ұялы те­лефон. Ғаламтор толған атыс-шабыс, ашық киінген қыздар.  Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Мұны көрген бала оған  еліктеп көргенін істегісі ке­леді. Бұл жағдайға  шектеу  қоятын  ата-ана. Қызының не­мен  шұғылданып  жат­қанына бір  мезгіл  көңіл бөлуі керек. Оларды тек  тамақтандырып,   киіндірумен  шектелмей халқымыздың  әдет-ғұрпын  үйретіп, үлкенді  сыйлауға, кішіге  ізет  көрсетуге тәрбиелеу  басты  мақсат болуға  тиіс. Сондай-ақ  қыз  баланы  кішкентайынан еңбекке  баулыса  ертеңгі  күні нағыз маман  дайындалатыны анық.  Бүгінгі заманда әрбір ата-ана өз баласының болашағына жауапты болуы керек. Сонда  ғана  тәрбиелі ұл-қыз өсіретініміз анық. Қай кезде де  бала  тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Оларды сәт  сайын қадағалап, сабағын  тексеріп, жүріс  тұ­рысын  бақылап  отыру  қажет, – деді көп­балалы ана Үміткүл Залиева.

Расында, «Қыз – болашақ ана», «Қыз өссе елдің  көркі, гүл өссе жердің көркі».  Қыз  баланың тым  әлем – жәлем киініп көзге  түсуге тырысуы, орынсыз боянып сылануы ерсі көрінеді. Бұл оның тәрбиесінің  төмендігін көрсетеді. «Әйелдері  тәрбиелі болған халық – тәрбиелі, әйелдері  тәрбиесіз болған халық – тәрбиесіз. Әйелдері үнемшіл, пысық, жігерлі, талапты болса  халық бай, ал жалқау, салақ болса халық  пақыр, кедей болады» деген ғұламалар сөзі көп нәрсені аңғартады.

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, ұлыңа, халқыңды тәрбиелеймін десең, қызыңа тәлім бер» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Өйткені қыз – болашақ ұрпақтың анасы.

– Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады» деген. Қазіргі таңда қыздардың тәрбиесіне аса мән беруге тиіспіз. Қыз баланың абыройы мен ары, өзіне сай сымбаты мен сырын сақтап, қырық үйден тыйып даярлау қиын. Яғни, қыз бала – үйдің бояуы. Қыз баланы тәрбиелеу – бір адам емес, бәлкім бір ұрпақты тәрбиелеу. Салиқалы қыз ғана ұлт болашағын баянды ете алады. Қыз бала мен әке арасындағы қарым-қатынас жасаудың өзінде нәзіктік символ бар. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз балалардың  қадір-қасиеті жайында былай деген: «Қыздар – мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Алла Тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі»  дейді. Тағы бір хадисте: «Егер бір адамның үш қызы болса, оларды киіндіріп, қамқорлық етіп, тамақтандырып, оларға сабырлық етсе, қыздары қиямет күні тозақ отынан сақталуына себепші болады» делінген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз-ұл деп ешқашан перзенттерін бөлмей, әкелік қамқорлығын аямаған. Олармен ойнап, көңілдерін аулап, әрдайым қуантып жүрген. Қыз баласына ерекше ілтипатпен қарағаны баршаға мәлім. Қыз бала жатжұрттық болған соң, барынша адамгершілік пен имандылықты бойына сіңіруге тырысу керек. Ұлттың тыныс-тіршілігі де осы баланы отбасынан бастап (бесіктен) дұрыс тәлім-тәрбие беріп, түзу жолға қоюдан анық байқалады, – деді  «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Ислам Маратұлы.

Адамның бір қызығы бала деген. Оның ішінде қыз балаға дұрыс тәрбие бере алмасақ, оның келешегіне де үміт артпай-ақ қояйық. Күндіз-түні тынбай еңбектенсеңіз мол ақша  табуыңыз мүмкін, ал есейген  балаңыздың бойына сіңіре алмаған тәрбиені күндіз  қо­лыңызға шырақ алып іздесеңіз де тап­пай­сыз. Сондықтан бас­ты назарды бала  тәр­биесіне аударған жөн.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: