Сенбі, 23 қараша, 09:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Рақмет саған, туған ел!

27.02.2021

7764 0

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді» деп бұл күннің мән-маңызын ерекше атап өткен еді. Биыл атаулы мереке ресми түрде бесінші жыл қатарынан тойлануда.

Тағдырдың тар жол тайғақ кешуінде бір-біріне бауыр болып, тағдырлас жандардың басқа түскен ауыртпалығын жұмыла көтере білген қазақ жұрты мен өзге этнос өкілдері бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде. Геноцид саясаттың салқыны таным-түсінігі, мәдениеті, тарихы бөлек түрлі ұлт өкілдерін туған жерден, елден, Отаннан алыстатты. Бірақ қонақжай, мейірбан халықтың арқасында олар бір атаның баласындай бірлікте өмір сүріп, қазақ жерінен пана тапты. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, Қазақстан екінші Отанына айналды. Алғыс айту күні – Тұңғыш Президент – Елбасының «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында жүзеге асқан ортақ тарихты құрметтеу, ынтымақтастыққа дәріптеу мерекесі. Біртұтас ұлттың бірлігі мерекесі.

Рақмет саған, туған ел!

Туған мекенінен арқардай ауып келген этнос өкілдерінің бірқатары Сыр өңіріне қоныстанғаны белгілі. Олардың арасында шешен ұйымының өкілдері де бар. Жасты да жасамысты да аямаған саясаттың құрбаны болған жандар сол кезеңдегі қазақ жұртының адамгершілік қасиетін әлі күнге дейін жоғары бағалайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Қызылорда облыстық шешен этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Лайла Пашаева өткен күндерді былай еске алады:
– Биыл шешен ұлтының өз Отанынан өзге аумаққа жер аударылғанына 77 жыл толады. 23 ақпан – сол дәуірдің жастары үшін Кеңес Әскерінің мерекесі болса, шешен ұлты үшін қаралы күн. Ұлтымыздың жүрегіне өшпес жара салған, кіндік қаны тамған жерінен жас пен жасамысты, ана мен баланы еш аяусыз жер аудартқан ызғарлы күн ешқашан естен кетпейді. Олардың қатарында менің әжем, ата-анам бар еді. Әкем Әли Шешен-Ингуш ауданына қарасты Тойзен ауылында дүниеге келіпті. Соғыс басталған тұста атам майданға аттанып, содан хабарсыз кеткен. Ал әжеміз 8 баласымен өзге жерлестерімен бірге белгісіз бағытқа айдауға түскен. Қыстың қақаған суығында вагонга тиелген шешен жұрты бір ай бойы межелі жерге жеткенше ас-сусыз отырған екен. Жол бойы қаншама қарт кісі, сәбилер көз жұмған. Тіпті әйелдер құндақтаулы сәбиінің ажал құшқанын білдіртпей емізіп отырған сыңай танытқан. Баласының ит-құсқа жем болмауын ойлады.
Менің әжем балаларымен Жалағаш ауданына жер аударылыпты. Суықтан әкемнің бес бауыры қаза табады. Көп ұзамай анасы да көз жұмады. Ал өзін ізіндегі 2 бауырымен балалар үйіне өткізіпті. Не қазақ, не орыс тілін білмейтін шешен жұрты үшін танымайтын жерде қиын болғаны анық. Дегенмен уақыт өте жергілікті жұртпен сіңісіп, тіршілік еткен. Оған әрине, қазақ халқының мейірбандығы әсер еткенін айта кету керек. Әкемнің айтуынша, алғашқыда жергілікті тұрғындарға өзге ұлттармен байланыс жасауға тыйым салған, әрі шешендерді канибал (адамжегіш) ұлт ретінде көрсеткен. Соған қарамастан қарапайым тұрғындар есік алдына талғажау етер тамақ қалдырып кетеді екен. Ол тұстағы геноцид саясат қазақ жұртына да оңай соқпағаны белгілі. Осындай ауыр жағдай жер аударылған барлық ұлттарды қазақ халқымен біріктірді. 1994 жылы шешен халқы үшін тағы да ауыр кезең басталды. Елде соғыс басталып, жұртшылық бас сауғалап, жан-жаққа қашты. Сондай сәтте Қазақстан елі қонақжайлылық танытып, шешендерді тағы бір мәрте бауырына басты. Шешен халқында «Егер жолыңда қазақты кездестірсең, бауырым деп есепте» деген тәмсіл қалыптасқан. Сондықтан біз, бауырлас халықтар татулық пен ауызбірлікте болуымыз керек. Қазақ халқының қиын кезеңде шешен жұртына көрсеткен қолдауының арқасында ата-бабамыз аман қалып, екінші Отанында өсіп өнді. Мұны біз ешқашан ұмытпаймыз. Рақмет, саған Қазақ елі, Сыр жұртшылығы!
P.S. Аумалы-төкпелі кезеңде қазақ даласына қоныс тепкен ұлттардың Кеңес одағы ыдырағаннан кейін атамекеніне қайта қоныс аударғандары да болды. Туған жерін, Отанын аңсап еліне кеткендердің кейбірі тіпті, жерсінген жерінен жырақта жүре алмайтынын ұқты. Қазақ еліне қайта оралды. Мұның бәрі түбінде халқымыздың оларға деген ыстық ықыласы мен мейірбандығының көрінісі іспетті. Қиын-қыстау заманда жанына сая болған қазақ жұртына деген риясыз көңілі болар, бәлкім.
Бұл – ең ауыр соқпақты жолдан бірге өтіп, бір үзім нанды бөліскен ұлт пен ұлыстың ортақ тарихы, тағдырластар тарихы.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: