Сейсенбі, 28 қаңтар, 07:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

Раушан Ысқақова, №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы, қалалық мәслихат депутаты: Адамның адамға тәуелді болғаны қиын

18.01.2025

59 0

Өткен жыл қала халқы үшін табысты жыл деуге болады. Ел игілігі үшін атқарылған толымды тірлікке жұртшылық куә. Аймақ әлеуметтік-экономикалық дамуда жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Жүйелі жүргізілген жұмыс оң нәтижесін берді. Жаңа жыл алға мақсат қойып, айқын міндеттерді жүзеге асыратын кезең. Осы орайда қалалық мәслихат депутаты, №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Раушан Ысқақовамен өткен жылды саралап, алдағы уақыт еншісіндегі жоспарлар туралы сұхбаттасқан едік.

– Раушан Жәдігерқызы, өткен жылды қалай аяқтадыңыз?

– Өткен ұлу жылын жақсы қорытындыладық деуге болады. Көптен ойда жүрген орталыққа қажетті құрал-жабдықтар алдық. Оның ішінде төсек-орын жабдықтарын қайта өңдеуден өткізуге арналған ДИС-камера, жұмыртқа өңдейтін аппарат, 4 мұздатқыш алынды. Үнемделген қаржы есебінен пандус қапталды. Сонымен қатар былтыр 32 миллион қаржыға орталыққа желдеткіш орнатылды.

– Орталық тұрғындарының хал-жағдайы қалай?

– Бүгінде 164 тұрғыны бар. Оның 68-і І және ІІ топ мүгедегі болса, қалғаны қарт кісілер. Оларға психологиялық, медициналық, тұрмыстық, еңбекке баулу, мәдени, эконмикалық, құқықтық бағытта 7 әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Әр бағытта арнайы мамандар жұмыс істейді. Медициналық бағытта қажетті барлық ем шарасын жүргізуде арнайы маманның, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Қарттардың денсаулығын жақсартуда массаж, тұзды шахта сынды кабинет бар. Сондай-ақ еңбекке баулу бағытында жұмысқа қабілетті кісілер қабырғаға сурет салып, бау-бақшаны баптайды. Орталықта түрлі мәдени іс-шаралар жиі өткізіледі. Мереке күндері демеушілердің қолдауымен концерт ұйымдастырылады. Кітап, газет-журнал оқимын деген тұрғындар үшін арнайы 2500 кітап қоры бар кітапхана қызмет көрсетеді. Құқықтық бағытта туындаған мәселелер болса орталық заңгері көмектеседі. Жалпы қарттар үшін барлық қызмет түрі талапқа сай сапалы жүргізіледі. 

– Алдыңызға сан түрлі тағдыр иелері келеді? Қандай ой түйесіз?

– Орталыққа келген әрбір жанның тағдыры қиын. Әрқайсысының басында түрлі жағдай орын алған. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарды ерекше айтуға болатын шығар. Оларға қарайтын не туысы жоқ, не туыстарының мүмкіндігі жоқ. Адамның адамға тәуелді болғаны қиын ғой.  Сол себепті амалсыз осында тұрақтайды. Орталықтың арнайы қызметкерлері олардың тамағын береді, киіндіреді, жуындырады. Басым көпшілігі осындай тағдыр иелері. Сол сияқты жолдасы қайтыс болған, бала-шағасы, барар жері жоқ қарттық жасқа жеткен жандар да, балаларына сыймай келген кісілер де бар. Олар ата-аналарына алимент төлейді. Орталық тұрғындарының кей-кейде өміріне налитын сәттері болады. Мүмкін, олар бала тәрбиесінде қателік жіберген болар. Қалай десек те тағдыр болған соң, көнбеске амал бар ма?

– Орталықтағы қарттардың зейнетақысына қатысты мәселе қоғам назарын аударған еді?

– Иә, бұл туралы көпшілік арасында түсініспеушілік болған еді. Жалпы, орталық тұрғындарының көбі – зейнет жасындағы жандар. Олардың зейнетақысының 70 пайызын мемлекет ұстайды. Қалған 30 пайызы банк картасына түседі. Төсекте қимыл-қозғалыссыз жатқан кісілерге Қазпошта қызметкерлері қолына табыстайды. Көпшілік түсінбей жүрген 70 пайыз көлеміндегі қаржыға тұрғындардың қажеттілігі өтеледі. Оның ішінде әр мезгілге сәйкес киім-кешегі, төсек орны тағы да басқа дүниесі алынады. Мұның барлығы экономикалық қызмет көрсету бағытында жүргізіледі.

– Мекеменің күрмеулі мәселесі бар ма?

– Былтыр бірқатар мәселе шешімін тапқанымен, әлі де шешілуі тиіс проблемалар бар. Мәселен, орталықтағы медициналық құрал-жабдықтардың тозығы жеткен, жаңарту керек. Былтыр жаңартуға ұсыныс берілген еді. Бірақ бюджеттен қаржы қаралмағандықтан оң шешімін таппады. Одан бөлек ғимараттағы бейнекамералар ескірген. Соны жаңартып, жедел басқару орталығына қоссақ деген жоспар бар.

Қалалық мәслихат депутатысыз. Ел аманатын жеткізуде мәслихатта қандай мәселелерді көтердіңіз?

– Мәслихатта депутаттар көтеретін мәселе жетерлік. Дегенмен оның іске асуы қаржыға келіп тіреледі. Жалпы қайсыбір жолдаған сауал болсын оң шешім табуда. Менің сайланған аумағым – Арай шағын ауданы. Онда су, газ, жарық мәселесі өзекті еді. Бүгінде бұл мәселелер шешімін тапты. Арай-Шұғыладағы 9 көшенің 2 көшесі асфальтталды. Биыл тағы 2 көше жөнделеді. Қалған 5 көшені де биыл жөндеуге ұсыныс берілді. Су мәселесі бойынша Арайда үлкен скважина орнатылды. Сондай-ақ биыл Арайдағы бірқатар көшені жарықтандыруға ұсыныс берілді. Бұдан бөлек, Арай мен Арай-Шұғыла арасын жалғаған көпірдің тарлығы, балалардың өтуі үшін жаяу жүргінші жолының жоқтығы да жұртшылық үшін күрмеулі мәселе болған еді. Қазіргі таңда бұл мәселе де оң шешімін тапты. Көпір кеңейтіліп, көлік қозғалысына да, тұрғындардың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік жасалды. Жалпы ел ішінде мәселе көп қой. Барлығы бір мезетте шешіле қоймайды. Десе де кезең-кезеңімен шешуге тырысамыз.

– Өзіңіз сайланған аумақта әлі де  түйіні тарқамаған түйткілдер ма?

Арай шағын ауданында тұрғындар көтеріп жүрген мәселе көше атауын беру. Өкінішке қарай, көшеге ат беруге мараторий жарияланғандықтан бұл іс әзірге тоқтап тұр. Қоғамдық көлік мәселесі бойынша №31, №20 автобустар қатынайды. Бірақ Арайдың шет жағындағы тұрғындар үшін бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Себебі көшелердің тарлығы үлкен сыйымдылықтағы көліктердің қозғалысына кедергі болуда. Сонымен бірге бұл аумақта балалар ойын алаңы жоқ. Ойын алаңын салуға бос жатқан бірнеше жер телімін зерттегенбіз. Алайда ол жерлердің иесі табылып, құрылыс жүргізуге мүмкіндік болмады. Ойын алаңын салуға әлі де тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өзекті болған мектеп мәселесі де биыл оң шешім табады. Бүгінде  «Арай» шағын ауданында тұратын балаларға білім беруде №278 ІТ мектеп-лицейі қызмет етсе, биыл жаңа оқу жылында «Жайлы мектеп» оқушыларға есігін айқара ашады. Білім ошағының құрылыс барысы ұдайы бақылауда. «Арай» шағын ауданында орналасқан тігін цехы бар. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейді.  Мүмкіндігі шектеулі болғанымен ісіне мығым, жұмысы тиянақты. Оларды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер кәсіп аясын кеңейту мақсатында мемлекеттен қолдау болса дейді. Кәсіпкерге жол көрсетіп, алдағы уақытта  тапсырыс алу жағынан қолдау тапса бұл да шешімін тапқан іс болар еді.    

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: