Сарапшы РФ мен Украина арасындағы жанжал басқа емес, дәл осы газ мәселесінен басталғандықтан, сақ болу керектігін ескертеді.
Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықов Владимир Путиннің газ одағын құру туралы ұсынысын жіктеп берді. Сарапшының пайымдауынша мұның ұтымды тұсы көп, бірақ тиімсіз жағы да бар. Ал ең бастысы сақ болу керек. Бұл туралы ол inbusiness.kz тілшісіне берген арнайы сұхбатында айтты.
– Рашид Хасенұлы, Путиннің әр жиында айтып жүрген үш жақты газ одағы туралы ұсынысы туралы не ойлайсыз?
– Негізі бұл кеше ғана көтерілген сұрақ емес, Ресей осы жаздан бері біздің Қазақстанға өз газын кіргізгісі келіп жатыр. Алғашқылардың бірі болып, сол кезде мемлекетке де, Президентімізге де ескерткенбіз. Біз негізі жан-жағымызда болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек, зерттей білуіміз керек. Болып жатқан оқиғаларға байланысты біз шешім қабылдауымыз керек.
– Жан-жағымыздағы оқиғалардан сабақ алу деп, Украинаны меңзеп отырсыз ба?
– Мысалға, Украина мен Ресейдің ортасында дау ол Украинаның Еуропаға кіруі немесе НАТО-ға кіруі емес, осы газдан басталған. 90-шы жалдан бері «сен аз бердің», «сен аз төледің», «мен саған арзан беріп жатырмын» дегендей. Осы шиеленісе келе, түбінде тек екі мемлекетке ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі халыққа кері әсерін тигізіп жатыр. Ресейдің өзінің ұстанымы– әрқашанда кірген мемлекетін тәуелді қылу. Ол экономикалық тұрғыда ма, саяси тұрғыда ма бәрібір. Олардың амбициялары бар және де ісімен оны дәлелдеп жатыр. Сондықтан бұл ойында сақ болуымыз керек.
– Сақ болу дегенді қалай түсінуге болады?
– Қазіргі таңда газды өзіміздің халқымызға жеткізе алмай жатырмыз ғой, өзіміздің газ әлі аз. Тіпті Ресейден газды әкелген кезде тек экономикалық келісім-шарт болуы керек. Осыны бұған дейін де ескерткенмін. Бірінші кезекте, үш жақты келісімнен «одақ» деген сөзді алып тастауымыз керек. Өйткені Украинада болып жатқан жағдайдың көлеңке тұсында бұрынғы Кеңес одағын орнына келтіру мәселесі тұрғаны айдан анық. Сондықтан «одақ» деген сөзді мүлдем қолданбау керек. Оның үстіне өздеріңіз білесіздер Ресейге, экономикасына бұғаттау жасап жатқан кезде одақтас мемлекеттерді аямайтыны анық. Оны біз Белоруссия жағдайынан көріп отырмыз. Қазіргі таңда Белоруссияны бұғаттаулар күннен-күнге күшейіп отыр.
– Ал экономикалық тұрғыдан бұл тиімді ме?
– Экономикалық тұрғыдан Қазақстан үшін тиімді шешім болар еді. Себебі Ресейдің сата алмай отырған газы арқылы халқымызды арзан көгілдір отынмен қамтамасыз етер едік. Неше жылдан бері іске асыра алмай отырған ауылдарды газдандырып алар едік. Сонымен қатар біздің мемлекетіміз арқылы Қытайға, болмаса Өзбекстанға барып, Ауғанстан арқылы Пәкістан, Үндістанға барып, тасымалдаған кезде де өз ақымызды алып отырар едік. Ол салық түрінде болсын, тікелей төлеу болсын. Бұған қоса құбырлар жүргізілгенде қаншама газ өндірісіне қызмет көрсететін компаниялар қалыптасар еді, тұрақты жұмыс орындары құрылар еді.
– Демек экономикалық тұрғыдан жағымды тұсы бар…
– Экономикалық пайдасы көп. Бірақ нақты осы жобаны іске асыратын болсақ, ешқандай саяси көлеңкесі немесе мүлде саяси тұсы болмауы керек. Бұл таза экономикалық жоба болуы шарт.
– Газ жобасы бізге тағы қандай басымдық беруі мүмкін?
– Егер олардың газы біздің мемлекет арқылы өзге елдерге өтетін болса, Ресей арқылы біздің мұнайымызды өткізбеу, шектеулер тоқтар еді. Біздің де оларға қарсы пайдаланатын құралымыз болар еді. Егер біздің мұнайды Каспий құбыр консорциумы арқылы, «Достық» құбыры арқылы Еуропаға тасымалдауға шектеу қоятын болса, біз де Үндістанға және Қытайға тасымалдауға шектеу қоятын едік.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!