Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдап, елдегі «рушылдық» психологиясының өршуіне байланысты дабыл қақты. Депутат ұлттық бірлікке қауіп төндіретін контенттерге тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ерлан Саировтың айтуынша, Қазақстан 30 жыл ішінде өзін «мемлекет құруға қабілетті ұлт» ретінде дәлелдегенімен, мемлекеттілікті сақтап тұру әр азаматтың санасындағы күрестен басталады. Соңғы кездері әлеуметтік желілерде, өнерде және кәсіпкерлікте рулық бөлінуді насихаттайтын тенденциялар белең алған.
«Мемлекетті құрудан гөрі, мемлекеттілікті ұстап тұру қиын. Мемлекеттілікті ұстап тұру үшін күрес әрбір азаматтың санасынан басталады. Біздің әрқайсымыз жалпы мемлекеттік «ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН» және жалпыұлттық «Мен Қазақпын» психологиясын бойымызға сіңірсек қана Тәуелсіз Қазақстанды сақтап қаламыз. Рулық сана халқымыздың бірлігіне сына салып, ұлттық бірлікті шашыратып жіберуге қабілетті құбылыс. Соңғы кездері әлеуметтік желіде, өнерде рушылдық тенденция мүлдемге өршіп кетті. Бұл мемлекетіміз үшін текелей қауіп! Аталарымыз «Үй артында кісі бар» деп жиі қайталайтын. Бұл сөздің мәнісі қазақтың жүріс-тұрысын, өзара қарым-қатынасын сырттан бақылап, барлап отыратын күштер көп. Олар біздің ішіміздегі осал жерлерді іздеп, соны қоздыруға тырысып отырады. Сондықтан Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс», деді депутат.
Депутаттық сауалда жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлердің ру атауларын бренд ретінде пайдаланып, киім-кешекке жазып сатуы, сондай-ақ кино индустриясындағы келеңсіздіктер қатаң сынға алынды. Әсіресе руларды салыстыратын, кемсітетін және Қазақстан картасын үш жүзге бөліп көрсеткен жаңа фильмнің прокатқа шығуы «бассыздық» деп бағаланды.
Бұл ретте Е. Саиров Үкіметке келесі нақты шараларды қабылдауды ұсынды:
- Арнайы комиссия құру: Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық және ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия жұмысын іске асыру.
- Нақты тосқауыл қою: «Ұлттық код» пен «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге заң жүзінде тосқауыл қою.
- Идеологиялық контентті арттыру: Мәдени салада және әлеуметтік желіде Қазақстан халқының тұтастығын дәріптейтін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы мазмұнды көбейтуге кірісу.
Сынға қалған «Руың кім» фильмі прокаттан алынды
Ерлан Саиров ұлт мүддесі мен мемлекет тұтастығы жолында кез келген сынға дайын екенін жеткізді. Ол трайбализм мәселесінде ешқандай компромисс болмауы тиіс екенін және арандатушылық материалдарға толықтай тыйым салынуы керектігін қадап айтты.
Еске салайық, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров үлкен экранға шыққан «Руың кім» фильмінің қажетсіз тақырыпты арқау еткеніне назар аударған еді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
