Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сәлем салу салты ғой бұрынғының…

26.03.2022

1944 0

Соңғы жылдары елімізде жаңа түскен келіндердің сәлем салуы көп талқыға түсіп, түрлі пікірлер айтылуда. Десе де олар­дың әрқайсысының өзін­дік орны мен ерекшелігі  бар.

Қазақ халқы қашанда сәлем салуға үлкен мән берген. Өйткені оның маңыз­дылығын тереңінен түсінсе керек. Жаңа түс­кен келіннің ең бірінші міндеті осыдан бастау алған. Қайын жұртына деген құрметін осылайша білдірген. Жас келін үй үл­кендеріне күнделікті сәлем салып, ибалық танытқан. Ал олар «бақытты бол», «өркенің өссін», «қосағыңмен қоса ағар», «ұл тап»  деген жылы сөздерін айтып, ақ батасын берген.

Алайда бұл дәстүр көп жер­лерде ұмыт болып бара жатқандай. Себебі  қазір сәлем салдыратын үлкендер азайып барады. Көбі «Келінімді өз қызымдай көремін» деп орамал тақтырмайды. Сәлем салдырмайды. Әрине, мұндайға жас келіндер қуанбаса, еш реніш білдірмесі анық. Десе де келіннің аты келін емес пе?

Өкінішке орай заман ағымына еріп, салт-дәстүрдің тереңіне бой­ламай, мағынасын түсінбей, арамызда қателесіп жүрген жандар да бар. Олай дейтініміз, жаңашыл көзқарас сәлем салуды құп көрмейді. Ескінің ұстанған салт-дәстүрі деп қарайды. Сонымен қатар біздің өңірде үлкен астан кейін тамақ алғанда сәлем беретін жақсы үрдіс қалыптасқан. Бірақ оны басқа жақтан келген қазақтар түсінбей жатады. Сәлем салу – әдептіліктің белгісі. «Сәлем түзелмей әлем түзелмейді» деп қазақ атам бекер айтпаса керек. Ол үлкен тәрбиенің қайнар көзі. Қазақтың әрбір қызы осындай әдет-ғұрыпты көзінің қарашығындай сақтау қажет. Өйткені мұндай құндылықтарды ертеңгі ұрпаққа сол қалпында жеткізу – басты міндет. 

– Біздің кезімізде ата-анамыз қыздың тәрбиесіне қатты мән беріп, «қызды қырық үйден тыю» деген нақылды берік ұстанды. Мен ата-енемнің босағасын келін болып аттағанымда небәрі 17 жаста болдым. Бүгінде отағасы екеуміз 6 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Қазір олардан 35 немере, 16 шөбере сүйіп отырмыз. Әлі күнге дейін қайын жұрттағы үлкендерді көргенде орнымнан ұшып түрегеліп, сәлем беремін. Құдайға шүкір, өзімнің 6 келінім бар. Бәрі де бір үйдің баласындай тату-тәтті, ауызбірлігі бекем. Салт-дәстүрді берік ұстанатын біздің өңірде келіндік міндеттің жауапкершілігі зор. Оларға үнемі үйге келген қонаққа сәлем салуды, күліп қарсы алуды айтып отырамын. Қазіргі кезде жас енелер өздерін үлкен көргісі келмейді. Сол себепті сәлем салдырмайды. Жас келіннің үйдегі орнын түсіндірмейді. Осыдан келіп, арада бәсекелестік пайда болады.  Бір-бірін сыйлаудан қалады. Келіннің жақсы болуы тікелей енеге байланысты. Оның міндетін барынша түсіндіріп, жай сөзбен ақылыңды айтып отырсаң олар сенің айтқаныңды екі етпей орындайды, – деді көпбалалы ана Жамал Сермаханова.

Адамды салған сәлеміне қарап тануға болады. Әр елдің салт-дәстүрі, әдет-ғұр­пына, тұрмыс-тіршілігіне сай сәлемдесудің түрлері де әртүрлі. Алайда барлығының түпкі мақсаты бір. Ізет, сый-құрмет көрсету. Мәселен, қазақ халқы қол берісіп, төс қағыстырып, аттан немесе кө­ліктен түсіп сәлем беріп, амандық сұрасады. Алайда қазақ келіндері үшін сәлем салудың өзгеше жоралғысы бар. Атап айтсақ, еліміздің әр аймағында келіндердің сәлем салу тәсілі әрқалай. Бір өңірде екі қолын айқастыра иіліп сәлем салса, батыста оң аяғымен тізерлеп тағзым етеді. Таңсәріде ата-енеге иіліп сәлем салу, дәрет суын дайындап, асатаяқты есіктің босағасына сүйеп қойып, аяқ-киімдерін киюге ыңғайлау – кез келген келін үшін міндет. Арамызда мұны ерсі көріп, сәлем салған келінге не айтарын білмей, абдырап қалатындар да жиі кездеседі. Кей кісілердің қобалжығаны сонша, келіннің қолына жармасып, иілсе өздері де қоса иілгенді көзіміз көріп жүр.

– Келіндік міндетімді атқарып келе жатқаныма 5 жылдай болды. Құдайға шүкір, екі баланың анасымын. Ата-енеммен бірге тұрамыз. Сол кісілердің жағдайын жасап, ықыласына бөлену менің негізгі жұмысым. Басымнан ақ орамалым түспейді. Күйеуімнің туыстарын көрген бойда иіліп сәлем де саламын. Жалпы сәлем салу ата-бабаларымыздың өмір тәжірибесінен қалыптасқан дәстүрдің бірі ғой. Оны келесі буынға жаңа дәуірдің озық үлгілерін сіңіре отырып, түпкі мән-мағынаны барынша түсінікті етіп жеткізу керек деп ойлаймын. Әулетке деген сый-құрметтің ең бір үлкен нышаны іспетті болғандықтан, ата-ене де жаңадан келіп түскен келінді сәлем салуға міндеттеу қажет, – деді жас келін Әйгерім Құттымұрат.

Мақаланы дайындау барысында әлеуметтік желіні бір шолып шықтық. Бір қызығы, желіде тараған бейнежазбалардың ішінен Маңғыстау өңірі келіндері­нің сәлем салуы бізге ерекше көрінді. Ақтаулық келін­дер қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан­дай. Оңтүстіктің келіндері бұл үрдістен жаңыл­май,  үлкенге ізет көрсетіп, сәлем салуды ерекше құрметтейді. Бір өкініштісі, еліміздің солтүстігінде ұлттық түп та­мырымыз сәлем салу салты жойылудың сәл-ақ алдында. Тіпті ол жақтың кейбір жас келіндері үлкенге сәлем салмақ түгілі, мұндай дәстүрдің бар екенін де білмейді.

Ал сәлем салудан кімдер босатылады? Үлкендердің айтуы бойынша, күйеуі бақилық болған келіндерді сәлем салу салтынан босатқан. Ондағы мақсаты – «Келіннің ендігі жерде басы иілмесін! Жүзі төмен қарамасын! Қызымыздай болсын!» деп көрсеткен ақ көңілді ниеті. Сондай-ақ ата салтымыз бойынша жүкті әйелге иіліп сәлем салмауына рұқсат еткен. Әсіресе, әулеттің үлкендері, қайын ағалары аяғы ауыр келіннің көзіне көрінбеуге тырысып, маңынан алыс жүруге тырысқан. Өйткені олар алдымен жүкті келіндерін ыңғайсыз жағдайға қалдырмауды ойлаған. Әрдайым сәлемін білдіріп жүрген келін бір жағынан иілмеуге қысылады, ұялады. Ал екінші жағынан, күйеуінің бауырлары ондай сәтте келінге келін деп емес, болашақ ана деген көзқараспен қарап, құр­метін солай көрсеткен.

«Сәлем сөздің – анасы». Ендеше, лайым сәлеміміз түзу болсын.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: