Бейсенбі, 26 желтоқсан, 05:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Сәлеметсіз бе, мен жұмыс іздеп жүрмін…

13.02.2022

1520 0

– Қандай мамандық бойынша жұмыс іздеп келдің?

– Қазір айтсам күлесіз…

– Неге күлемін, айта бер.

– «Шыны кесуші»

– Қандай?

– Айттым ғой, мұндай мамандыққа жұмыс жоқ,

– Неге? Шыны зауыты бар емес пе?..

–Бұл жерде зауыт өкілдері байқалмайды. Қандай мамандық іздерімді де білмей тұрмын, – деді аты-жөнін айтқысы келмеген жас жігіт. Осылайша әңгіме аяқталды.

Расында, бүгінде өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген жастар жетерлік. Соңғы жылдары жұмыссыздықты жою күн тәртібінен түскен емес. Дегенмен жұмыссыз жастар әлі көп. Осыған орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті.

Бүгінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Жасыратын несі бар, екі қолға бір күрек таппай жүргендерге жол ашып, өз орнын табуға таптырмайтын бағдарлама. Оқуын енді бітірген жас маманға немесе соңғы үш жылда мамандық бойынша жұмыс істемеген жастар қатыса алады. Бағдарламаға биыл өзгерістер енді. Осыған дейін жастар тәжірибесі арқылы жалақы 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде берілсе, енді жас мамандар 30 АЕК (91890) теңге жалақы алмақ. Биыл аталған бағдарлама арқылы 849 жас маманға қаржы қаралды.

– Ең жақсы жаңалықтың бірі – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы. Бұл бағдарламаның тиімділігі түлектерді мамандығы бойынша 24 айға жұмысқа қабылдайтындығында болып тұр. Алғашқы 12 айдың жалақысы мемлекет тарапынан төленіп, одан соң жұмыс беруші тұрақты жұмысқа қабылдайды. Бұл жобаның ерекшелігі – арнаулы орта немесе жоғары білім талап етілмейді. Орта білім алған жастар да жұмысқа орналаса алады, – деді қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов.

Сонымен қатар жыл сайынғы жастарға «Бастау бизнес» жобасы арқылы берілетін қайтарымсыз гранттың көлемі 580 мың теңгеден 1 млн 200 мың теңгеге дейін көтерілді. Осы жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант-ты 909 адамның алуға мүмкіндігі бар. Оның ішінде 331 жас кәсіпкерге грант беру жоспарлануда.

Бүгінгі жәрмеңкеге 53 жұмыс беруші мекеме қатысып, 541 жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 300-ден астам қызылордалықтың 250-не мамандығына сәйкес жолдама берілді. Жасыратын несі бар, халық арасында мұндай шараларға түрлі пікір айтылып жүр. Бірі құптаса, енді бірі қағаз жүзінде ғана деп ренішін білдіреді. Иә, расында бұрын тек «аспаз», «даяшы», «дәнекерлеуші» мамандықтарына ғана сұраныс түсетін. Алайда бұл жәрмеңкенің орны бөлек. Өйткені мұғалімдер мен тәбиешілер, заңгерлерге сұраныс көп. Сондай-ақ «Отбасы банкі» де өздеріне қабілетті жастарды жұмысқа шақыруда. Олар тіпті бір ай оқытып, жұмыс барысын жіті түсіндірмек. Ал «Казпошта» мекемесіне тұрақты жұмысқа «оператор», «таратушы» мамандары керек. Сонымен қатар «Жастар тәжірибесімен» «заңгер», «байланысшы», «бағдарламашы» мамандары қажет. Бұл туралы «Казпошта» мекемесінің өкілі Данияр Пірмаш мәлімдеді. «Қызылорда Су жүйесі» мекемесіне де «слесарь», «жүргізуші», «электрик», «бақылаушы» мамандықтары бойынша қызметкер керек.

Шара барысында қала әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов жәрмеңкеге жұмыс іздеп келушілерді арнайы қабылдады. Екі қолға бір күрек іздеген тұрғындардың өтінішін жазып алып, тиісті салаға хат жолдайтынын айтты. Солардың бірі 35 жастағы дәрігер-эпидемиолог Оразхан Сағымбаева денсаулығына байланысты біршама уақыт жұ-мыстан қол үзіп қалған. Қазір денсаулығы жақсарған. Алайда тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүр. Осыған байланысты Б.Нұриддинов денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс хат жолдайтынын жеткізді.

Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген халықтың қарасы қалың. Олардың дені – жастар. Дегенмен арасында 40-тан асқан жандар да бар. Мәселен, 51 жастағы Ақнұр Рүстембекова аспаз мамандығы бойынша жұмыс іздеп келіпті.

– Бүгінгі жәрмеңкеде «азпаз» мамандығына сұраныс көп. Алайда «Жастар тәжірибесімен» жастарды қабылдаймыз деп отыр. Бір екі жер түйіндемемді алып қалды. Енді хабарласады деген үміттемін, – деді ол.

Бір айта кетерлгі, «Qosyl» қалалық жастар орталығының «QosylBot» Telegram боты іске қосылды. Бұл арқылы жастар мемлекеттік бағдарламалар туралы толық мәлімет алады. Сонымен қатар «enbek.kz» сайты арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, қала көлеміндегі бос жұмыс орындарының тізімін көруге болады.

А.ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: