Қызылорда облысында 488 мың 964 сайлаушы, 382 сайлау комиссиясы бар. Оның ішінде 9 аумақтық, 373 учаскелік комиссия, онда барлығы 2710 комиссия мүшесі жұмыс атқарады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев мәлімдеді.
– Учаскелік комиссиялардың жұмыстары 21 қазаннан басталады. ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес, қала, аудан әкімдері сайлаушылардың тізімін 30 қазан күні сайлау учаскелеріне қол қойып, табыстайды. Ал, учаскелік комиссиялар 4 қарашадан кешіктірмей тізімді сайлаушылардың танысуына ұсынады. Бұған қоса, 9 қарашаға дейін сайлаушыларға сайлаудың өтетін орны мен уақытын хабарлайды. Сондай-ақ, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облысы бойынша филиалымен бірге комиссияның 800 мүшесін оқыту жұмыстары басталды,-деді Ғалым Қонақбайұлы.
Қазіргі таңда ҚР Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттелген халықаралық ұйымдардан 41 және шет мемлекеттен 2 байқаушының тізімі жасақталды. Ал жергілікті байқаушылар сайлау күні, яғни 20 қарашада тіркеліп, өзіне белгіленген учаскеде байқау жүргізе алады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!