Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жыл қорытындысын табысты нәтижелермен аяқтап, салықтық түсімдердің айтарлықтай артқанын мәлімдеді. Бұл өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің жанданып, көлеңкелі экономиканың үлесі азайып, салықтық әкімшілендірудің тиімді жүргізілгенінің нақты дәлелі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында департамент басшысының орынбасары Асқар Елеманов 2025 жылдың қорытындыларына кеңінен тоқталды.
– Республикалық бюджетке салықтық түсімдер жоспары 118 пайызға орындалып, 2024 жылмен салыстырғанда түсім қарқыны 139 пайызды құрады. Ал жергілікті бюджет жоспары 109 пайызға орындалды. Жаңа кодекс аясында сараланған салық ставкалары енгізіліп, қосылған құн салығы реформаланды. «Сән-салтанат салығы» қарастырылып арнаулы салық режимдері оңтайландырылды. Сонымен қатар салық жеңілдіктерін беру тетіктері нақтыланып, әкімшілендіру үдерісін цифрландыру және сервистік модельге көшу көзделді. Бұдан бөлек, салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқартылды, – деді Асқар Сейдекәрімұлы.
Жаңа кодекс шеңберінде корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, акциздер, сондай-ақ мүлік пен көлік салықтарына қатысты өзгерістер қарастырылған. Арнаулы салық режимдері үш бағыт бойынша қайта жүйеленіп, салық төлеушілер үшін әкімшілік жүктемені азайтуға басымдық берілген.
-Қазіргі таңда өңірде жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру мақсатында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде «Халық бухгалтері» республикалық акциясы аясында азаматтарға тегін консультациялық көмек көрсетіліп, кәсіпкерлерге әдістемелік қолдау ұйымдастырылуда. Жалпы алғанда 2025 жылғы 139 пайыздық өсім қаржы саласындағы жүйелі реформалардың, ашықтық пен жауапкершілікке негізделген басқару мәдениетінің нәтижесі. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары да өңір экономикасының қарқынды дамуына берік негіз болмақ, – деді Асқар Елеманов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
