Қала әкімінің дәстүрлі «Самғау» жастар сыйлығының иегерлері анықталды. Марапатты «Qosyl premiya» қала жастарының қорытынды кешінде қала әкімі Асылбек Шаменов табыстады.
– «Қызыр дарып, құт қонған» шаһарымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жастарға жасалған үздіксіз қолдаудың нәтижесінде «QOSYL» жастар орталығының республикада үздіктер легін бастауын жылдың басты жетістігіуге болады. Сыр өңірінде Шығыс жастарының жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаевтың бүгінгі ізбасарлары деген атқа лайықты жастар шоғыры қалыптасып келе жатқаны көңіл қуантады, – деді шарада шаһар басшысы Асылбек Өмірбекұлы.
Қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы биыл он бірінші мәрте ұйымдастырылуда. Жыл сайын қаланың үздік деп танылған жастары осы сыйлықпен марапатталады. Бұл өз кезегінде жастарды қолдау болса, бір жағынан олардың ел үшін атқарған еңбегінің елеусіз қалмайтындығының көрінісі.
Байқау талаптарына биыл өзгеріс енгізілген. Бұған дейін жеңімпаздар тек құжат тапсыру арқылы анықталса, бұл жолы жастар 10 номинация бойынша сынға түсті. Сондай-ақ, номинация бойынша үздік шыққан 10 жасқа 100 мың теңге және Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының естелік белгісі табысталды.
Биылғы шарада жастар саясатын жүзеге асырып, сол салада еңбек етіп жүрген жас мамандар да назардан тыс қалмады. Олар қала әкімінің «Алғыс хаты» мен «Qosyl» жастар орталығының «Атаулы премияларымен» марапатталды.
Сонымен қатар, салтанатты кеште қала әкімі «Jastar belgisi» жастар орталықтары үшін сапа белгісі» бағдарламасына қатысып, жеңімпаз атанғаны үшін 2-дәрежелі күміс белгі «Qosyl» жастар орталығына табыстады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!