Бейсенбі, 02 мамыр, 19:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Сан сенімді тоғыстырған

03.08.2021

1032 0

Өткен ғасырдың соңы әлем елдеріне оңайға соқпады. Әсіресе, миллиондаған халық қалтқысыз сенген кеңестік үкімет ыдырап, Тәуелсіздік алған Орталық Азия мемлекеттері әлеуметтік-саяси жүйесін қайта құруға мәжбүр болған еді. Оған қоса солқылдақ саясат пен қалыптаспаған экономиканың салдарынан аймақта діни алауыздық тұтанып, билік сыналай енген түрлі ағымды ауыздықтап үлгермеді. Алайда уақыт өте аталған олқылықтың орнын толтыру үшін халықтың діни сауатын арттыру, бұқаралық көзқарасты қалыптастыру жобасы сәтті жүзеге асып, тұрақтылық орнағаны анық. Осы аралықта  Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның діни саясаты көршілерге ғана емес, алыс-жақын мемлекеттер үшін де үлгі аларлық модельге айналды.

Расында, Қазақстанның көпвекторлы дамуы мен толерантты танымы діни алауыздықтан сақтаған ең маңызды күш болғанын мойындамасқа амал жоқ. Мысалы, кей мемлекет діни теріс ағымнан құтылудың жолын қарудың күшіне сүйесе, кейбірі өзге консервативті топтарды қалқан етіп жатады. Ал Қазақстан болса, зайырлы ел есебінде ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне қоғамның көзін жеткізуге талпынды. Салқын ақыл, ғылым таразысын саралап, теріс жолдан алшақтатпақ болды. Ең маңызды мақсат этникалық топтар мен діни бірлестіктердің идеологиясы мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуі болғаны жасырын емес.

Мұның барлығы, әрине, ел арасында бірден нәтиже берді деп айту қиын. Егемендік еншілегелі діни ұстаным турасында еркіндік еніп, кеңес заманындағы қалыпты бұзу, көзқарасты өзгерту жеңіл емес еді. Тіпті кейбірі ішкі рухани кеңістігін толтыру, өмірлік сұрақтарға жауап алу үшін дінге сүйенді. Арасында түрлі діни секталардың сергелдеңіне түсіп, дінді дұрыс ұқпай, адасқаны да болды. Сондықтан алғашқы кезеңдегі кедергі уақыт өте аталған салаға жан-жақты қадағалауды қажет ете түскен-тұғын.

«Жусан» операциясы – Отанға оралу

2019 жылы ел билігі қате басып, елден жырақтаған өз азаматтарының қайта Отанға оралуына жол ашты. Жол ашып ғана қоймай, оларды тасымалдау, қауіпті аймақтан шығару секілді маңызды миссияға білек түре кірісті. Тіпті осы бағытта «Жусан» операциясы қолға алынып, Сирия мен Ирактағы қазақстандықтардың елге келуіне жағдай туғыза білген.

Алғашында аталған жобаға қоғамдық пікір екіұшты болғаны белгілі. Алайда жобаның ел болашағы мен аймақ қауіпсіздігіне ықпал ететіні дәлелденіп, нақты аргумент келтірілген соң көптің күдігі қалмады. Сарапшылар азаматтардың Отанға оралуы келешек геосаяси жүйені оңтайландыру әрі ел азаматтарының ондағы шынайы өмір мен теріс сенімнің ара-жігін ашық зерделеуіне көмектеседі деген сенімде. Расында, соңғы уақытта майдан ортасынан оралған азаматтардың пікірі мен өмірбаяны көптеген қазақстандықтың қате баспауына, ақылмен шешім қабылдап, ақ-қараны тануына септесуде.

Жалпы үш жыл қатарынан жал­ғасқан операцияның нәтижесі жаман емес. Бүгінде «Жусан» операциясының 5-інші кезеңі шеңберінде Қазақстанға 607 адам қайтарылған. Оның ішінде 37 ер адам, 157 әйел және 403 бала бар екен. Өкінішке орай, елге келген балалардың 34-і жетім. ҰҚК мамандарының сөзінше, алдағы уақытта гуманды қадамның көрінісіне айналған «Жусан» операциясы әлі де жалғаспақ. Атауы мен мәні астасқан ау­қымды жоба Қазақстанның әлемдік аренада діни тұрақтылықты сақтауға талпынған мемлекет ретіндегі беделін арттыра түсті.

Білім көзі бірлікте

Қазіргі таңда Қазақстанда ислам және христиан дінін ұстанатын азаматтар халық санының шамамен 70 процентін құрайды. Өзге дінге де еркіндік берілген. Тек мемлекет саясатымен өзектес болса, адам құқығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмесе болғаны. 1992 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заңы да бақылауды күшейтуге, қадағалауға арналған.

Осы орайда елдегі ең беделді діни бірлестік – ҚМДБ. Ұйым 1990 жылы «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» діни бірлестігі болып құрылып, 30 жылдан бері негізі ислам ұйымына айналды. Ұйым идеологиясы дәстүрлі діни сенім мен ұлттық ерекшелікті ұштастыра білу арқылы тұрақтылықты қамтамасыз етуде. 2000 жылғы маусым айындағы құрылтайда ҚМДБ төрағалығына білікті арабист және дипломат, профессор Әбсаттар Дербісәлі сайланды. Биыл өмірден өткен ғалым саналы ғұмырын қазақ жеріне енген жат ағыммен күресуге арнап, сан ғасырлық дәстүрлі сенімді нығайтуға барын салды.

Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген тұрақ­тылықтың тағы бір кепілі – діни білім беру. Бүгінде мемлекеттің жан-жақты бақылауы арқылы дін саласында білім алу, оқу құқығы қалыптасты. Қазақстанда 8 діни жоғары оқу орны, 6 орта дәрежелі діни оқу орны мен 3 жалпы білім беру мекемесі жұмыс істеуде. «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университеті мен ҚМДБ қарамағындағы «Имамдардың біліктілігін жетілдіру институты» да жүйелі жұмыс істеуде. Бұған қоса елде 1 католик, 1 лютеран және 4 протестант оқу орны бар. Бұл оқу орындарының барлығы жастардың діни сауатын арттыруға, теріс ағым мен жаңсақ сенімнің жетегінде кетпеуіне жол ашып келеді.

Мұраты бір – мығым ел

Шынында, Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктің бір көрсеткіші діни тұрақтылық екені даусыз. Алмағайып заманда дін басты мәселеге айналған мемлекеттердің тағдыры біздің елге сабақ боларлық. Ауғанстан, Сирия, Ирак секілді аймақтарда діни фанатизм мен теріс сенім халықты сергелдеңге түсіріп, экономикалық-әлеуметтік дамуға кедергі келтіруде. Сондықтан әлем халықтарының ортақ ымырасы мен ұстанымы бір үдеден шыққандға ғана ғаламда тыныштық орнамақ. Осы орайда Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастырып, жаһанға дінаралық қатынас пен түсіністікті насихаттауда алдыңғы шепте. 2003 жылы 23-24 қыркүйек аралығында Қазақстанда алғаш Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткені белгілі. Тұңғыш рет қолға алынған қадам көшбасшыларға қозғау салып, қордаланған көптеген мәселенің шешілуіне түрткі болды. Жиынға ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің беделді өкілдері қатысып, Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында әлемдік діни ахуалды талқылады. Бұл егемен елдің ауыз толтырып айтарлық жетістігі екені даусыз.

Содан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі елордада тұрақты өткізіліп, мәдениет­аралық, халықаралық мәселелер мен дінаралық диалогтар жүзеге асты.

Мысалы, 2015 жылы өткен бесінші съезде діни және саяси көшбасшылар татымды пікірлермен бөлісе білді. Кезекті жиынға БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла ІІ, Финляндия президенті Саули Нинистен, Нобель сыйлығының иегері Шимон Перес, Малайзия­ның премьер-министрі Мохаммед Махатхир, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен, Дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Абдалла ат-Түрки, Дүниежүзілік ислам мәзхабтарын жақындастыру ассамблеясының бас хатшысы Аятолла Шейх Мохсен Араки, католиктер шіркеуінің кардиналдары Йозеф Томко мен Жан-Луи Торандіни секілді салмағы бар тұлғалар арнайы келді. Алғашқы съезге 13 елден діни лидерлер мен қонақтар келсе, VI съезге әлемнің 50-ге жуық елінен 100-ге тарта делегация қатысқан.

Мұндай тұрақты басқосудың маңызын съезд баста­ма­шыларының бірі, Елбасы Н.Назарбаев былайша тарқатқан:

«Түпкі мақсатты белгілеудің қажеті жоқ, оны белгілеуге болмайды. Біртұтас діни кеңістік құру да мүмкін емес. Орын алып отырған қайшылықтардың барлығын да еңсере алмаймыз, оның үстіне олар кейде ұлы діндердің түп негізіне қатысты болып жатады. Тұрақты диалог орнатудың басты құндылығы – көзқарастар мен түсініктердің қарама-қайшылығына қарамастан, жалпыға ортақ мәмілеге келу қажет­тігінің маңызын түсіну және оған қол жеткізудің жолдарын іздестіру болып табылады. Ең бастысы – диалог бейбітшілік пен келісім алаңын, үйлесім мен айқындық дәуірін қалыптастырады».

P.S. Тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық жетістік жетерлік. Алайда мемлекет үшін де, халық үшінде ең басты байлық – тұрақтылық, бейбітшілік. Сондықтан Қазақстанның діни тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жасаған қадамдары ең маңызды күш ғана емес, халықтың болашағын айқындайтын шешімге айналды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: