Қызылорда облысында өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу аясында 2025 жылдың 8 айында сауда орындарынан ет және ет өнімдерінің 43 сынамасы сатып алынып, зертханалық тексеру жұмыстары жүргізілді.
Мониторинг шеңберінде сараптама жүргізуге іріктеп алынған өнімдердің басым үлесі, яғни 76% – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген, отандық өнім үлесі – 20,9% және өзге елдер өндірісі – 2,3%. Зертханалық зерттеу барысында ет және ет өнімдері:
– 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы»;
– 022/2011 «Тағам өнімі оның ішінде таңбалануы туралы»;
– 034/2013 «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы»;
– 005/2011 «Қаптаманың қауіпсіздігі туралы»;
– 029/2011 «Тағамдық қоспалардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар туралы» техникалық регламенттері бойынша зерттелді.
Жүргізілген сараптама нәтижесімен 3 сынама аталған техникалық регламенттер талаптарына сай келмей шықты. Атап айтқанда, таңбалануы бойынша – 2, микробиологиялық көрсеткіш бойынша – 1.
Сәйкессіздіктер анықталған өнімдердің 1 сынамасы отандық өндірушілердің өнімі, ал 2 сәйкессіздік Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген өнімдер еншісінде.
Сараптама нәтижелерімен қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша сәйкессіздік анықталған импорттық өнімдер туралы ақпарат Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне тиісті елдердің өндірушілерін хабардар ету үшін жолданды. Отандық өндірушілерге өнімнің сапасы туралы тиісті ақпараттар заңмен белгіленген тәртіппен ұсынылды.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қауіпсіз ет және ет өнімдерін таңдау бойынша келесідей кеңестерді ұсынады.
– өнімнің сыртқы түріне мән беріңіз, егер заттаңбасы ұқыпсыз, онда берілген ақпараттар түсініксіз әрі анық көрінбесе, бұл осы өнімнің сапасына күмәндануға себеп болады. Тағамның таңбалануы, әсіресе ет өнімдерінде толық және нақты болуы кажет, сонымен қатар екі тілде берілуі тиіс. Заттаңбада келесі ақпараттар болуы талап етіледі: салмағы, бағасы, оралған мерзімі, сақтау шарттары, тағамның құрамы, штрих-код;
– ет және ет өнімдерінің құрамына назар аударыңыз. Өнімнің құрамы түрі мен сұрпына байланысты болады. Құрамындағы барлық қоспалар тағамның рецептінде олардың салмағының азаюы бойынша көрсетіледі. Сондықтан өнімнің құрамында көрсетілген тізімнің ең басында ет компонентері – жылқы еті, сиыр еті, тауық еті т.б жазылады. Кейде етті ауыстырғыштар қосылады. Бұл соя болуы мүмкін, ол көбінесе өсімдік ақуызы және каррагинан ретінде көрсетіледі, сонымен қатар камеди мен крахмал – бұл компонентер (құрауыштар) суды байланыстырады және етті үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрине, шұжықтың құрамын жасыруға тырысатын немесе сатып алушыны шатастыруға тырысатын өндірушілер де бар. Олар тағамның заттаңбасына толық ақпараттар жазбайды, тек тағамның аты мен бағасын көрсетеді. Мұндай тағамды сатып алмаған дұрыс;Соңғы уақытта өсімдіктер ақуызы емес, жануарлар ақуызы жиі қолданылып жүр. Бұл қайта өңделген байланыстырғыш заттар яғни сіңірлер, шеміршектер мен терілерден жасалған дәмі мен иісі жоқ ұнтақтар. Осы арзан компонентерд суда ерітеді де шұжыққа қосады, яғни бұл ет алмастырғыш болып табылады. Оның да соя секілді ешқандай дәмі жоқ, сондықтан мұндай шұжықтардың құрамында дәмді күшейткіш заттар болады. Жақсы еттен жасалған шұжыққа дәмді күшейткіштер қажет емес.
Сапасыз ет пен ет өнімдерін тұтыну бірқатар аурулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Ең алдымен жедел ішек инфекциялары, өйткені ет және ет өнімдері тез бұзылатын өнімдерге жатады және патогендердің тез көбеюі үшін қолайлы орта болып табылады. Бұдан бөлек, ауру малдардың еті арқылы адамға туберкулез, бруцеллез сияқты ауыр инфекциялар берілуі мүмкін.
Ет және ет өнімдері арқылы берілетін аурулардың алдын алу мақсатында:
– өнімдерді тек рұқсат етілген орындардан сатып алу;
– ветеринариялық-санитариялық құжаттары жоқ өнімнен бас тарту;
– ет және ет өнімдерін өндірушінің ұсыныстарына сәйкес дұрыс сақтау;
– шикі етті және жартылай өнделген ет өнімдерін қолданар алдында міндетті түрде термиялық өңдеуден өткізу;
– қаптамадағы ет-шұжық сатып алғанда, ең алдымен оның сыртқы түріне назар аудару. Қаптама ісінбеуі немесе зақымдалмауы керек.
– жарамдылық мерзімі өтіп кеткен ет және ет өнімдерін пайдаланбау қажет.
Ерлан Ұзақбаев Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!