Жұма, 09 қаңтар, 00:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№1, (2213)
06.01.2026
PDF мұрағаты

Сарапшы салыққа қатысты ең өзекті үш сұраққа жауап берілді

07.01.2026

106 0

Фото: Egemen.kz.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өңір тұрғындары мен кәсіпкерлер тарапынан жиі қойылатын салыққа қатысты үш негізгі сұраққа түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәселе жылжымайтын мүлікті сату кезінде салық төлеу, оңайлатылған декларацияны қолдану және қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша міндетті тіркеуге қатысты.

Пәтер сату: қай кезде салық төленбейді?

Маңғыстаулықтарды 2025 жылы сатып алынған пәтерді 2026 жылы сатқан жағдайда салық міндеттемесі туындай ма деген сұрақ алаңдатып отыр.

Департамент мәліметінше, егер жылжымайтын мүлік 2025 жылы сатып алынып, сол жылы мемлекеттік тіркеуден өткен болса және ол мемлекеттік тіркелген күннен бастап бір жылдан кейін немесе одан да кеш сатылса, құн өсімінен табыс туындамайды. Демек, бұл жағдайда салық төлеу талап етілмейді.

Алайда заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген жылжымайтын мүлік нысандарына иелік ету мерзімі екі жыл болып есептеледі.

Оңайлатылған декларацияны қолдануға бола ма?

Мемлекеттік кірістер департаменті оңайлатылған декларацияны Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолдана алатынын еске салды. Бұл үшін олардың қызмет түрі тыйым салынған қызметтер тізіміне кірмеуі тиіс.

Аталған тізім Үкіметтің 2025 жылғы 14 қарашадағы №970 қаулысымен бекітілген. Егер кәсіпкердің экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ) осы тізімде болмаса және өзге талаптар сақталса, оңайлатылған салық режимін қолдануға рұқсат етіледі.

2026 жылы ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі

2026 жылы қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеуге тұру шегі 10 000 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл 43 250 000 теңгеге тең.

Аталған сомадан асқан жағдайда салық төлеуші ҚҚС бойынша есепке тұруға міндетті.

Ведомство өкілдері салық заңнамасындағы өзгерістерге ерекше назар аударуға шақырып, азаматтар мен кәсіпкерлерге түсініксіз тұстарды алдын ала нақтылап алуға кеңес берді. Бұл заңбұзушылықтар мен айыппұлдардың алдын алуға мүмкіндік береді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: