Жұма, 14 қараша, 13:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№86, (2198)
11.11.2025
PDF мұрағаты

Сарапшылар Қазақстан парламентаризмінің жаңа кезеңін талқылады

14.11.2025

46 0

Фото: автордан

Елордада «Елдің жоғарғы заң шығарушы органына – жаңа серпін және жаңа тыныс» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиын алдағы парламенттік реформаны талқылауға арналды.

Мемлекет басшысы биыл 8 қыркүйекте жариялаған Жолдауында елде жаңа парламентаризм моделіне көшетінін ресми түрде жариялағаны белгілі.

Дөңгелек үстел барысында сарапшылар соңғы жылдардағы ең ауқымды саяси өзгеріс туралы пікірлерін ортаға салды.

Біздің басты міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған жұмыс тобына арналған ұсыныстар мен нақты ұсынымдарды әзірлеу. Бір сөзбен айтқанда, осы іс-шараның нәтижесі бойынша жұмыс тобының құралына айналатын ой-пікірлерді толықтыру. Біздің талқылауларымыз міндетті түрде ескеріледі деп ойлаймын. Ең қызығы әрі ең маңыздысы – бүгінгі дөңгелек үстел еліміздің Президенті 5 қарашада қабылдаған аса маңызды құқықтық актіні жүзеге асыру тетіктерінің бірі болып отыр. Бұл құжаттың атауы да айқын: «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары және бағыттары». Осы актімен мұқият танысқан адам онда мемлекетіміздің алты негізгі қағидаты жинақталып, түсінікті әрі жүйелі түрде берілгенін байқай алады, – деп атап өтті жиынның ұйымдастырушысы заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әділет министрлігінің академигі, ҚР ҰҒА құрметті академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Марат Қоғамов.

Айтуынша, бұл қағидаттардың барлығы Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауында түрлі қырынан көрініс тауып келеді.

Сондықтан жаңа Парламент құқықтық жүйенің осы сегментіне ерекше мән беруі қажет. Енді адвокаттар қорғау актісін жасап, оны қорғауындағы адам келіссе, прокурорға және сотқа жолдай алады. Бұл – үлкен қадам, – деді заңгер Марат Қоғамов.

Ал Мәжілістің VII шақырылымының депутаты Назиля Раззақ мақсатымыз – әділетті нығайту деп отыр.

Реформа да осыған бағытталған. Енді депутаттардың рөлі азаматтар мен атқарушы билік арасындағы делдал болу ғана емес, шешімдерді ұсынатын және олардың орындалуын бақылайтын институт деңгейіне көтеріледі. Реформаның маңызды тұстарының бірі – бұрын Сенатта болған заң шығару бастамасын тоқтату құқығының жойылуы. Бұл Мәжіліс пен Сенат арасындағы функциялардың қайталануын азайтып, заң шығару процесін жеделдетеді. Ең бастысы – Парламент халық үшін шынымен өкілдік ететін органға айналады, – дейді Назиля Раззақ.

Сондай-ақ заңгер реформа арқылы мемлекеттің адамға деген көзқарасын өзгертуді де алға тартты.

Қорытындылай келе, Парламенттік реформа – тек заңдарға түзету енгізу ғана емес. Бұл мемлекеттің адамға деген көзқарасын өзгерту. Біздің міндет – азаматтардың билікке және мемлекеттік органдарға деген сенімін қайтару. Депутаттың өтініші дегеніміз – мәселені шешудің нақты тетігі. Ал Парламент – азаматтардың мүддесін қорғайтын орган. Бүгінгі реформа мен осындай мазмұнды ұйымдастырылған басқосулардың арқасында біз жауапкершілігі жоғары, заманауи, технологиялық және ел саясатына ықпал ете алатын жаңа Парламент қалыптастырамыз, – деді Мәжілістің бұрынғы депутаты.

Дискуссияда жетекші заңгерлер, депутаттар, ғылыми институттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері сөз алды.

Пікірталас барысында Парламенттің алдағы құрылымы, оның жаңартылған құқықтық мәртебесі, депутаттардың өкілеттігі мен міндеттері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар заң шығару қызметін күшейту, парламент жұмысының ашықтығы мен жариялылығын арттыру, азаматтық қоғамды шешім қабылдау үдерісіне кеңінен тарту мәселелері де қозғалды.

Осы талқылаулардың нәтижесінде дайындалатын нақты ұсыныстар кейіннен Қазақстандағы Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобына жолданатын ұсынымдар топтамасына негіз болады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: