Қызылорда облысында 2025 жылдың 9 айында сарып ауруының 15 жағдайы тіркелді. 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 1,2 есеге төмендеген.
Аумақтар кесімінде алатын болсақ, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласында 4 деректен, Жаңақорғанда – 1, Шиеліде – 6 жағдай есепке алынды. Індетке шалдыққандардың арасында ауыл тұрғындарының үлесі 73,3% құрады. Сырқатқа шалдыққандардың барлығы ауылшаруашылық малдары бойынша сарыптан қолайлы елді мекендердің тұрғындары.
Ауру ошақтарында індетке қарсы барлық іс-шаралар жүргізілді, қарым-қатынаста болған 50 адам зертханалық тексерумен қамтылды, 4 оң нәтиже анықталып, медициналық бақылауға алынды.
Аурудың негізгі көзі – жануарлар. Сарып ауруы адамға көбінесе жанасу мен алиментарлы жолдар арқылы жұғады. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ауру малды төлдету, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу кезінде арнайы киім, резеңке қолғапты пайдалану қажеттігін, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында термиялық өңдеуден міндетті түрде өткізу қажеттігін еске салады.
Аурудың клиникалық белгілері – дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, дене салмағын жоғалту. Індетке шалдыққан адамның буындары ауырып, бұлшық еттері мен жүйке жүйесі зақымданады. Жыныс мүшелеріне әсер еткен жағдайда ерлерде орхитке, әйелдерде түсік тастауға, жатырдың қабынуына, мастит ауруларына әкеліп соқтырады. Ал балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдауы мүмкін. Дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда ауру асқынып, мүгедектікке әкеліп соқ¬тыруы ықтимал.
Әлия Әбдіқайымова Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!