Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 21:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Сатқындық

31.05.2022

930 0

Бала кезде бұзық, ерке болдым. Ол кезде әлі қарындасым жоқ, үйдің №1 еркетотайы мен едім ғой. Айтпақшы мен 5 сыныпта оқығанда қарындасым дүниеге келіп, 1-2 апта папа-маманы қызғанып, тығылып жылағаным бар. Бірақ ол басқа әңгіме… Бұл естелік балғын балалық кез туралы. Үйдегілерге айтқанын істететін де, «нулевой» сыныпқа мектепте ойыншық жоқ деп бармай балабақшада қалатын да, 4 сыныпқа дейін ойыншық ойнайтын да мен. Бүгінгі әңгіме сол балабақша кезінен.

Неге екенін білмеймін, әйтеуір балабақшада орысша топта болдым. Настя-Костя деген балалармен дос болып, «Алма кетті домалап» дегеннің орнына «Ехала белка на тележке» деген санамақты жаттадым. Үйде қазақша, балабақшада орысша сөйлеп, полиглоттың «демо версиясы» едім. Балабақшадан күнде әкем немесе анам алып кететін. Үйдегі екі ағам мүлде алып кеткен емес. Өйткені тек кәмелет жасы барлармен ғана балаларды үйіне жіберетін. Жазайын деп отырған сол күн әлі есімде.

Таңғы сағат 7-де анам оятты. Балабақша ішінде киетін сандалик, шетінде қып-қызыл жіппен Н.А (Нұразғали Аслан) деп тігіп жазылған ақ футболка мен қара шортымды жап-жасыл рюкзагыма салып алғам. Анам қап-қалың етіп киіндіріп, сырт­қа шығарып жіберді. Далада «темір тұлпарымды», шананы дайындап қойған әкем күтіп тұр. «Кожаный» салоны болмаса да таза ауа кіріп тұратын кабриолетіме отырып алдым. Үстімді әкем сол кездегі «модный», қоянның суреті бар көк одеяломен жақсылап тұрып қымтап балабақшаға қарай жол тарттық. Жолда анау не, амандасқан кісі кім, қар неге сықырлайды деген болмашы сұрақтармен әкемнің миын жеп келе жатқанда бір әңгіме бар «настроениемді» құртты. Неге екенін білмеймін, әкем кезекші топқа қалғанымды құптамайтын. Мейлінше ертерек алып кетеді. Мүмкін кезекші топта өзімді біртүрлі сезінетінімді айтқан шығармын. Әйтеуір әкем «Бүгін үйде қонақ болады, үйде істейтін тірліктер бар. Сол үшін кешке сені садиктен Нұржан нағашың мен Сұлтан ағаң алып кетеді» дегеннен бастап кішкентай қабақ түйілді де қалды. Неге?

Өйткені Құдайдың құтты күні анам я болмаса әкем алып кеткенде міндетті түрде дүкенге соғамыз. Айлық түсетін алғашқы екі аптада ойыншық, киндер немесе тойбокс (ТоуВох) аламыз. Отбасылық бюджет азайды-ау деген кезде Tan-Tan «Mivimex-тің арахис в кокосовой глазури», «бигбабл» сағыз алып береді. Бүгін ондай бақыт болмайтынына, екі «старшак» дым алып бермейтініне бала көңілім құлазып қалды. Содан кешке дейін қабағымнан қар жауып, «без настроений» жүрдім де қойдым.

Сағат шамамен 18.00. Өмірінде ондай жерді көрмеген, әженің «садигінде» ғана болған, бәріне таңқалғаннан жағы салбырап кетуге сәл қалған ағам мен анамнан тығылып темекі шегетін Нұржан нағашым келіп тұр. Екеуін бірден байқадым да танымайтындай түр салып алдым. Олар орыс «воспитательницаға» тілдері күрмеліп мені алып кетуге келгендерін түсіндіріп әлек. «Аслан, за тобой пришли» деген Наташа апайдың дауысына асықпа-а-ай барып, екеуінің көздеріне қарамастан «раздевалканы» көзбен бір шолып шықтым да әкем немесе анамды көрмей тұрғанымды білдірдім. Айым оңынан туып, мені бірден түсіне қойған тәрбиешім «Это твой брат?» деді. Дым ойланбастан, екеуінің көзіне бақырайып қарап тұрдым да «Нет, за мной папа придет» дедім. Ана екеуінің көзінің қасында үш литрлік банканың өзі түкке тұрмай қалды. «Өй Аслан, эй Аслан» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Маған келгендерін зорға түсіндірген екеуі «Он мой братишка» дегенді тіпті айта алмай дал болды. «Любимый» тәрбиешім екеуінің әңгімесін тыңдамастан «Пусть родители придут» деген сөзбен шығарып салды. Ол кезде «роскошь» саналатын телефон да жоқ екеуінде.

Сол кездегі Аслан іштей мәз-мәйрам. Үлкен іс тындырғандай алақандарын үйкелеп, өзін-өзі мақтап қояды. Ол күні біздің топ кезекші болмаса да апай қалған 3-4 баланы дежурный топқа апармай, іште қалды.

Ентігіп, қара терге түскен әкемді көргенде жүгіріп барып құшақтап алдым. Шамалы реніші бар ол тез-тез киіндіріп, сыртқа шығарып, «Саған наказание. Шанасыз келдім, үйге жаяу барасың» деді. Жолай неге олай істегенімді сұрап, дүкеннен бірдеңе алуға бола істегенімді білген кезде әкем еріксіз жымиып, бір күліп алды. Сосын «Березка» деген дүкеннен бір «тойбоксты» алып берді. Оның үстіне үйге жаяу да барған жоқпын, арқалап апарды. Осылай дүкеннен бірдеңе алуға бола ағаларымды сатып кеткем…

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: