Жексенбі, 22 желтоқсан, 08:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сексендегі академик

12.03.2022

1509 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, Ресей академигі Қазыбай Құдайбергенов сексенге толды.

Бүгін ғалым жайында бір үзік сырды айтуды парыз тұттық.

Бұл – Қазыбай бізбен көршілес ауылдың жігіті. Бала кезінен таныспыз. Арғы аталары баяғы Ұлбикемен айтысатын, дуалы сөзімен Құнанбайды аға сұлтандыққа сайлаған Күдері Қожадан тарайды. Айтқыр Қалтаймен аталас туыстар. Шағын ауыл – қазіргі Шіркейлі өңшең ақын-шайырлар ауылы болған. «Көкілташ» медресесінде оқыған Тапал ахун, одан Камалладин, Жәміш мақсұмдар, беріректе Қалтайдың әкесі – Қарамолда – Мұхамеджан Нүрекеевтердің кіндік қаны тамған құнарлы өңір. «Заман-ай» деген төрт шумақ өлең жазып, қызыл империяны тоқпақ жалды торайғырға теңегені үшін Мұхамеджан ата «халық жауы» атанып, атылып кеткені өзінше жыр. Бұл жайларды Қазыбай төгілте әңгімелейді.

Міне, осынау бір кездегі Талап атты кең жайлауда бүгінгі ғалым – тарихшы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенов дүниеге келген. Бала жастан қиыншылықты, өмірдің талай тауқыметін көріп өскен азамат. Әкесі Құдайберген ата ақындығы бар, ала жіпті аттамаған, колхоз басқарып тұрып, ашқұрсақ отырғанын көз көргендер осы күнге дейін таусылмайтын әңгіме етуден жалықпайды.

Біз бүгін ендігі әңгімені осынау текті тұлпардың тұяғы Қазыбай Құдайбергеновке қарай бұрайық.

Қазіргі Қазыбай сексенде, әлі ширақ. Тұлпарға үзеңгі салмай секіріп мінеді.

Бүгін Қазыбайдың «Сырым мен шыным» атты өлеңдер жинағы қолыма тигелі бері қайта-қайта парақтап оқып отырмын. – Оу, мына ғалым-профессор ақын екен-ау, – деп тамсанып қоямын. Өлеңдері Абай атамыз айтқандай, жұп-жұмыр екен. Осы кітабын маған ұсына отырып, былайша эпиграф жазып жіберіпті:

«Сырым да осы ағажан, шыным да осы,

Өлең жазам келгенде көңіл қошы.

Қылышымен қара сөз «жауға» шапқан,

Өзіңізсіз ініңнің адал досы!»

Асылы, адамға қартайғанда мақтау керек секілді екен, лебізіне рахмет деп іштей ризалық пейіл байқатып, 200 бетке жуық топтама өлеңдеріне шолу жасауға бел будым.

Кітаптың алғашқы беті біз оқып жүрген бұрынғы ақындар секілді Отан, туған жер емес, бірден сүйікті жары Жақсыбикеге «Алғашқы танысуым» деп басталыпты.

«Ауысып уақыт шіркін күн мен түнге,

Зымырап өтіп жатыр жүрген бізге.

Жиырма жыл өмірімді бірге өткізген,

Сырымның кілті жарым – Жақсыгүлге!

Өзіңмен өткен шақтарым,

Соғатын желге санаймын.

Сырласқан саябақтардың,

Самалын сепкен арайлым!»

Ғалым Қазыбай сүйген жарын осылай тербейді, тебіренеді. Сырымның кілті, саябақтардың самалы сепкені күні кешегідей екенін шумағымен өрнектейді. Қалқан құлақ сары шалың ызыңдап келе берсінші, «балаларыңның бағы бол, жаныңа әркез шат күлкіге кенелсінші» деген шынайы сезім сүйікті жары елуге толғанда арналыпты.

Сүйікті жары Жақсыбике үлкен сырқатқа шалдықты. Қазыкеңді мұң басты. Алматыда операция жасар сәтте жарына:

«Жанарыңнан жалт еткені соңғы ма деп қорықтым,

Көкірекке шер мен мұң толды ма деп қорықтым!

Қоштасатын уақыт шіркін жетті ме деп қорықтым,

Он сегіз жыл еш думансыз өтті ме деп қорықтым!» –

деп ажал құрсауынан қалай аман алып шығамын деп азаматтың жаны күйзелгені жүректі сыздатады.

Қазыбай күйзелді. Тағы да азамат өлеңмен шер тарқатты. Сүйікті жары Жақсыбикеден, 2004 жылы жалғыз тұяғы Ароннан айырылды. Ұлына арнаған «Ароныма» деген өлеңде:

«Тастатып артқа бәрін де балам,

Өкініш өртеп ашиды жарам.

Құзырын хақтың қабылдап алам,

Бір күні менде қасыңа барам!»

Ақынжанды азаматтың бұл жинағының өн бойы сабырға, дауасыз ажалға, дос-жарандардың қамқор құшағына, қиын сәтте қол ұшын созған іні-қарындастарына, замандастарына арналғаны сезіледі. «Қайғыға дауа – уақыт» атты өлеңінде ғалым өзін-өзі жұбатады.

«Қырқы да өтті, жүзі де жақын, жыл келер,

Жөнделер әлі қиюы кеткен іргелер.

Бақилық болып кеткенше біздер пәниден,

Жүректе жаны, рухы мәңгі бізбен ол.

Жараның емі зымырап жатқан уақытта,

Дегенмен алда қуаныш та бар, қауіп бар.

Кеткелі Арон көңіл де шіркін селт етпей,

Тұрғандай бүркіп жаңбырмен бірге жауып қар».

Иә, өмір-өзен, ол ағысын тоқтапайды. Тірі адам тіршілікке бет бұрады.

Бұл кітап жеті тараудан тұрады. Бүкіл тарауда жалпы ақынжанды азамат «жүрек-жамау, қиял-құз, санам-сағым» деп өзін-өзі жұбатады, қанатын қатайтқандай болады. Аллаға әмір жүрмейтінін сездіреді.

Кітапты одан әрі оқып, парақтай бастадым. Ауылдас інісі ақын Қанатбектің кітаптағы арнауы жан толқытады. Қазекеңе «Мойыма, аға, мойыма!» деп қуат бергендей жыр арнайды.

«Баршаға биік бағасы,

Риза қайны, ағасы.

Қабырғамызды қайыстырды-ау,

Жақсыбикенің қазасы.

Тот баспайды тазаны,

Болғанмен өмір азабы.

Жүрегіңіздегі жараны,

Уақыт қана жазады».

Әрине, уақыт – емші. Ол ұрпақпен жалғаса бермек,

Кітаптағы сүйікті ағасы Әбибулла Мұхамеджанов, Пасахаддин Еспенбетовтың арнау өлеңдеріндегі шумақтарда Қазыбайға деген ілтипат, қамқор құшақ, сабырға шақырған шынайы ілтипат таудай қайғыны тарыдай етуге шақырған қуат сезіліп тұр.

Ақын Әскербек Рақымбекұлы замандасы Қазыбайдың сүйген жары Жақсыбикенің жылындағы оқыған өлеңі кітаптың өң бойын одан әрі толықтырып тұрғандай. Ақын Әскербек былайша тебіренеді:

«Жақсыбикедей жарыңмен тауып жарасым,

Талай жыл тақтың сыйлаған саған сағатын.

Қырандай едің қиядан тұрақ табатын,

Ұлың мен қызың қанатың еді қағатын.

Қапияда, досым, қанатыңнан сен қайырылдың,

Жалғыз жұлдызың – жалғыз ұлыңнан айырылдың.

Қара аспан құлап,

Қайғырдың сонда, қайғырдың,

Айрылдың естен аманыңда сен ай-күннің.

Жаралы күндер жалғасты солай, жалғасты,

Жақсыбикенің жағасына дерті жармасты.

Араға түсті сұм ажал атты албасты

Айырда-ау сені махаббатыңнан алғашқы.

Көп жылдан бері көтердің жүкті нар шыдар,

Қап-қара бұлттан аспаның енді ашылар…

Аялап жүрген ақ арманың да бар шығар,

Шақтасын,досым, шабыттың атын қамшылар»…

Соңғы жетінші тарауда Қазыбай табиғат, көктем сезімдері, Германияда әскери борышын өтеп жүргендегі жазбаларын, сондай-ақ дос-жарандарға, ақын Сейілге, академик Д.Кішібековке, тағы басқаларға арнаған өлеңдері шып-шымыр, оқуға ынтызар етеді.

Кітаптағы суреттерде туған жер келбеті, кездесулер, ата-бабаларының көркем бояулы суреттері берілген.

Біз бүгін ғалымның ақындық өнерінен сыр ағыттық.

Ал оның ғалым ретінде тындырған ісіне тоқталмадық. Жалпы ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов топты жара сөйлейтін шешендігі бар азамат, орынды жерінде таптырмайтын асаба, білімі өзіне жетерлік мәселені әріден қозғайтын білгір, қара сөздің де қара нары.

Ғылыми бағыты – экономика тарихы, өндіргіш күштерді орналастыру мәселелері, қазақ ағартушыларының экономикалық көзқарастары, екі монографияның, оқу құралының, жүзге жуық ғылыми мақаланың авторы, Мәскеудегі педагогикалық білім беру академиясының корреспондент мүшесі, академик. Бір басына жетерлік сан алуан марапат бар. Жиын-той, кездесулерде Қазыбай жүреді.

Ақынжанды ғалымның «Сырым мен шерім» атты өлеңдер жинағын парақтап оқығанда қандай ой түйдік? Азамат өзінің іштегі шер-шеменін, жан тебіренісін сыртқа шығарғандай секілді. Кітаптағы ақындар Сейфолла Оспан, Әскербек Рахымбекұлы, айтыс ақыны Зәмәдин Ибадуллаев жыр шумақтарымен Қазыбайды одан әрі қанаттандырғандай әсер қалдырады. Біз де осы тілекке қосыламыз.

Біз бүгін оның ғалымдығынан гөрі ақындық өнерге деген ұмтылысын аз-кем сөз еттік. Бәлкім ақынжанды азаматтар Қазыбайдың өлең-арнауларына тереңірек зейін қойып, сәт сапар тілеп жатса артық болмас деп тұжырымдауды парыз тұттық.

Қазыбай қаламы ұшқыр, әттең ғылымға беріліп кеткен. Әйтпесе, бірыңғай жазушылыққа бет бұрса көп адамның несібесін қағып, алдына шығар еді. Мұны неге айтып отырмыз? Ол әңгіме естелік жазудың шебері, дос жарандарына арналған өлеңдері шып-шымыр. Ғалым Қазыбай ағалары Бодаш Уәлиев, Аралбай Маханбетов жайында «Адалдықтан айшықталған азамат», «Сыр сарабдалы Аралбай» атты бірі – 266 беттік, екіншісі – 331 беттік мемуар жазып, баспадан шығарды.

Сонан соң өзінің өмірі туралы толғанысқа толы «Ортам менің ой парасат-ордасы» атты өлең-жыр дастандарына қоса өзінің бабалары, арғы тегі туралы деректерді жинастырып жазды. Көп еңбектеніп, тарихи деректерді көз майын тауысып жинақтағаны қайран қалдырды. Бабалары Күдері ақын туралы тың деректерді топтастырып, «Күдеріқожа мұрасы» атты кітапты Ерәлі Оспановтың құрастырып шығаруына себепші болғаны бір төбе әңгіме.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: