Сәрсенбі, 27 қараша, 16:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Семей орманындағы өрт: Кінәлі кім, қателік неден?

13.06.2023

717 0

Өрт тілсіз жау екені белгілі. Апат айтып келмейді. Дегенмен әрбір оқиғаның себебі мен салдары болатыны белгілі. Осыдан жарты ай бұрын Ресейдің Алтай өлкесінің аумағынан тұтанған өрт Семей орманы аумағына дейін шарпығаны туралы жазылған еді.

Сол кездегі ресми ақпараттарға сүйенсек, төмендегідей: «22 мамыр күні сағат 15:25-те РФ Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында тұтанған өрт Абай облысы Бородулиха ауданындағы ауыл станциясынан 7 км қашықтықта «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағына өтіп, құрғақ шөп өртенген. Орман шаруашылығының мәліметтері бойынша сағат 22:50-дегі жағдай бойынша өрттің алдын алу ауданы 70 га құрайды. Қазір өртті сөндіруге өңірдегі күштер жұмылдырылған. Өрт орнына қосымша Семей қаласынан өрт сөндіру техникасы жіберіледі. Айта кетейiк, дүйсенбі күні түнгі сағат 23:07-де Семей қаласынан ауыл станциясына ҚТЖ өрт сөндіру пойызы келді». Яғни барлық күш жұмылдырылып, жалынды сөндіргенімен, араға көп уақыт салмай оттың қайта тұтануы кім-кімді де ойға қалдырады.  Ең өкініштісі, де сол, тілсіз жаудың шығыны аз болмады. Ең қиыны, қанша адамның өмірін жалмағаны орны толмас қайғылы оқиға. Ресми ақпаратқа сүйенсек, «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Соның оннан бірін өрт шарпып, 200 адам Семей қаласындағы жатақханаларды паналауға мәжбүр болды. Тілсіз жаумен алысқан орман шаруашылығының 14 жұмысшысы ажал құшты.

12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Немқұрайлылықтың салдары

Ормандағы өрт туралы ресми хабар 8 маусым күні хабарланған. Өрт найзағайдан болды деген де болжам бар. Алайда хабар жетісімен бұл жағдайға немқұрайлық басым болғанын Ел Президенті оқиға орнына өзі арнайы келгенде атап айтты. Яғни бұл жағдай бір күн өткен соң ғана, 9 маусым күні кешке тиісті министрліктерге хабарланған. Сол кезде қызметінде отырған Юрий Викторович Ильин Мемлекет басшысына орман өртін бір күн өткен соң кешке, жағдай қиындаған соң ғана хабарлаған. Тілсіз жаудың алдын алуда шарасыздық танытқан төтенше жағдайлар министрін сол сәтте қызметінен босатқан Президент алдын ала белгіленген Вьетнам сапарын кейінге шегеріп, Абай облысына келді. Президент келеді деген хабарды естіген облыс әкімінің қиын жағдайды еңсеруді кейінге қалдырып, «жол тегістеп» кеткені де сынға қалды.

Мемлекет басшысы 11 маусым күні өртенген аумақты тікұшақ арқылы көріп, тілсіз жаумен арпалыста қаза болған азаматтардың отбасына барып, көңіл айтты.

 – Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, –  деді Мемлекет басшысы.

Мұнан соң Президент төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді.

– Елімізде тағы да алапат өрт болып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туыстарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын,  –  деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпхановты таныстырып, ведомствоға жүктелетін басты міндеттерді атап өтті.

– Алда ауқымды жұмыс бар. Жалпы бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі таңда  негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Бұл жағдай кәсіби салғырттықты, адамдардың тағдырына бей-жай қарайтынымызды көрсетті. Мен бұған тағы да көз жеткіздім. Ал қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік және оның басшылары өздерінің қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай қайғылы жағдай болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа министр үшін сын сағаты немесе сөгіс алған әкім

Президент өртпен күрес шараларының басы-қасында жүрген Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың табиғат апаты салдарымен күресу, жақын маңайдағы елді мекендер тұрғындарын эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамаларын тыңдады. Президент баяндамашылардың жауабына көңілі толмайтынын жеткізді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа батыл кадрлық шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.

Президент қазір адам өмірін сақтау, сондай-ақ өртті ауыздықтау басты мақсат екенін атап өтті.

Сонымен қатар Үкімет пен облыс әкімдігіне  келтірілген шығын көлемін шұғыл анықтау, зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсету, қаза тапқан азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешу, алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандарды мемлекеттік наградаға ұсыну, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Мемлекет басшысы  былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар атүсті орындалғанын қатаң сынға алды.

– Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл, ең алдымен, Төтенше жағдайлар министрлігінің кемшілігі.

Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент орман және дала өртін алдын ала анықтау және апатты жағдайдан сақтандыру жөніндегі жұмыс тәртібі жолға қойылмағанына назар аударды.

– Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлердің әкімдері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен жабдықтауы, өртті бейнебақылау және мониторинг жасау жүйелерін енгізу шараларын қабылдауы керек. Мұндай жүйелерді енгізгенге дейін орман алқабын авиация арқылы және жерден бақылау, сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңдерде «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» қолдану жиілігін арттыруы қажет. Сонымен қатар табиғатты қорғау және орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен жарақтандыру деңгейін талапқа сай нормаларға дейін жеткізуі керек,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қостанай өртінен сабақ алмадық

Мемлекет басшысы былтыр Қостанай облысындағы өрттен кейін азаматтық қорғаныс мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға нақты дайындығын тексеру жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Өкінішке қарай, нәтижесі көңіл көншітпейді. Материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 69 пайыз, функционалдық инфрақұрылыммен жабдықталу 63 пайыз деңгейінде. Ал орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға әзірлігі 70 пайыз.

– Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет. Әлемде бірде-бір мемлекет көп кәсіби өрт сөндірушіні ұстап тұра алмайды. Еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Біз бұл ресурсты белсенді пайдалануымыз керек. Жаздың ыстығы енді ғана басталды. Кез келген уақытта өрт шығуы мүмкін. Сондай кезде  өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы орман алқаптарында жүрген кезде қауіпсіздік ережесін бұзатын азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет екенін мәлімдеді.

Еріктілердің еңбегі ерлік

Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысынан кейін өрт сөндіруге жұмылдырылған құтқарушылармен және  еріктілермен кездесті.

– Баршаңызға алғыс айтамын. Еріктілер, сіздерге де ризамын. Жарайсыздар. Сіздердің сіңірген еңбектеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды. Үлкен апат болды. 14 адам қаза тапты. Жаңа ғана азаматтармен кездестім. Өте ауыр жағдай. Сондықтан осындай қасіретті апат кезінде  бәріміз бір халық, бір ұлт болып бірге жұмыс істеуіміз керек. Жаңа ғана кеңес өтті. Ұйымдастыру шараларын талқыладық. Төтенше жағдай барлық елде болады. Ең бастысы, біз осы төтенше жағдайды, әсіресе өртті адам шығынына жол бермей, уақытылы, тез ауыздықтай білуіміз керек. Аман болыңыздар, – деді Президент.

Кешелі бері Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізілуде.

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше,  өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам бірлік техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылған. Өрт сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 621 рет су төгілді, жалпы көлемі  1 900-ге жуық тоннаны құрайды.

Төтенше жағдайлар жөніндегі су жаңа министр генерал-майор Сырым Шәріпханов пен Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына жетті.

Мемлекет басшысының Жарлығымен орман өрті кезінде қаза тапқандар «Құрмет» орденімен марапатталды.

P.S. Орман өртінің себебі мен мән-жайын анықтау үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылды.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

Фотосуреттер ашық дереккөздерден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: