Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 13:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Семейдегі Жедел медициналық жәрдем ауруханасында бір уақытта бірнеше ота жасалады

24.07.2023

416 0

Адамның өмірін сақтап қалу үшін «алтын уақытты» қалай жоғалтпауға болады? Егер пациенттің әртүрлі дене аймақтарына бірнеше ота жасау қажет болса, не істеу керек? Әдетте оталар 10 күн аралықпен жеке-жеке жүзеге асырылады. Бұл – артық шығындар, уақытты жоғалту және денеге ауыртпалық түсіру. Абай облысындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы пациенттерді жылдам қабылдауды және хирургиялық емдеу жұмыстарын қалай жолға қойғанын, жалпы триаж жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Сәбит Ахметов жұмыс сапарымен Абай облысына барды, онда ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымында сайланған депутат Нұртай Сабильяновпен және Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Сандыбаевпен бірлесіп бірқатар медициналық ұйымдардың қызметімен танысты, медициналық қоғамдастықпен кездесті және МӘМС жүйесін іске асыру мәселелерін бас дәрігерлермен талқылады.

Семей медициналық университетінің 6 клиникалық базасының бірі болып табылатын Жедел медициналық жәрдем ауруханасында өңір тұрғындарына шұғыл және жоспарлы медициналық көмектің қолжетімділігі көрсетілді. Жалпы ауданы 24 мың шаршы метр ғимаратта сәулелік және функционалдық диагностика бөлімшелері, қабылдау диагностикалық, іріңді-септикалық бөлімше, политравма, жіті коронарлық синдром және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бөлімшелері, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі қарастырылған.

Аурухананың мүмкіндіктерін көрсете отырып, директор Ерсін Сәбитов барлық практикалық жұмыстарды 147 дәрігер мен 714 орта және кіші буын медицина қызметкерлері жүзеге асыратынын атап өтті. Тек травматологиялық пункттің өзінде ғана 2022 жылы 82 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, кардиология, эндокринология, урология, гинекология, гематология, нейрохирургия, ортохирургия, жалпы хирургия, микрохирургия бойынша барлық жоғары технологиялық және аз инвазивті оталар ТМККК шеңберінде де, МӘМС есебінен жоспарлы тәртіппен де шұғыл түрде жүргізіледі.

Бір уақытта – бірнеше ота

Бас дәрігер өзінің реанимациялық блогы бар гибридті ота жасайтын бөлмесін ерекше мақтанышпен көрсетті, онда бір пациентке бір уақытта әртүрлі салалардағы бірнеше хирург бригадалары ота жасай алады.

«Мультидисциплинарлы тәсіл – бұл тренд. Егер адам миына қан құйылумен бізге келсе, алдымен гибридті тамырішілік бригада ота жасау бөлмесіне кіріп, эмболизация жасайды, содан кейін нейрохирургтер жұмыстың бір бөлігін жүргізеді. Басқа клиникаларда 10-12 күн аралығымен екі-үш кезеңге бөлініп  жасалатын ота бізде бірден, бір уақытта жасалады. Бір уақытта шоғыр жойылып, мидағы түзіліс көлемі азаяды. Біріншіден, бұл бір наркоз беру арқылы аурухананың шығынын үнемдеу. Екіншіден, ең бастысы, науқастың өзіне түсетін ауыртпалық азаяды, ал оңалту аз уақытты алады. Ота жасау бөлмесінде жеке реанимацияның болуы уақыт пен күшімізді үнемдеуге мүмкіндік береді. Сол жерде пациентке ота да жасалады және реанимацияланады, аурухана қабаттарын аралап, жүгірудің қажеті жоқ. Бұған қоса, шок жағдайында түскен ауыр пациенттерді триаж жүйесінде қабылдауға, оларды реанимацияда тұрақтандыруға және «алтын уақытты» жоғалтпай дереу ота жасау бөлмесіне жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Ерсін Сәбитов.

Айта кету керек, гибридті ота бөлмесі аймақтар үшін сирек кездесетін едендік ангиографпен жабдықталған. Бас дәрігердің айтуынша, қымбат жабдықтардың көбі денсаулық сақтау басқармасы мен демеушілердің көмегі арқылы сатып алынған.

«Сақтандырылған» мәртебесі болуының қажеті жоқ

Сондай-ақ, ЖМЖА – да барлық халықаралық талаптарға сәйкес келетін толыққанды триаж жүйесі – ыңғайлы кірме жолдары, күту залы, клиникалық диагнозы қойылмаған пациенттер үшін арнайы бақылау палаталары салынған. Қабылдау кезінде пациенттерді жағдайының ауырлығына қарай бөлумен арнайы оқытылған орта медициналық персонал айналысады, содан кейін қажет болған жағдайда бейінді мамандар қосылады. Егер жағдайы қиын пациент әкелінсе, оны шұғыл емдеуге жатқызады және МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі.

«Біз жедел жәрдем бригадаларымен белсенді түрде бірігіп жұмыс жасаймыз. Жағдайы ауыр пациентті алып келе жатқандығы туралы хабардар болып отырамыз, бізде қызыл түйме жанады, анестезиолог пен бейінді маман қатысатын мультидисциплинарлы топ дайындалады. Кейбір пациенттерді олардың жағдайын бақылау үшін біз уақытша бақылау бөлмесіне жібереміз. Егер гипертониялық кризді жеңілдету қажет болса, біз қажетті дәрі-дәрмектерді береміз, өміріне төнген қауіпті сейілтеміз және үйге жібереміз немесе ауруханаға жатқызамыз. Пациент өзіне клиникалық диагноз қойылғанға дейін бұл палатада 24 сағатқа дейін болуға құқылы. Қажет болған жағдайда консилиум жиналады. Шығару кезінде дәрігер эпикриз дайындайды, онда ол өз қорытындысын жазады және ұсыныстар береді. Бізге бір уақытта 20 адам келе алады. Күн сайын орта есеппен 80-90 пациент қабылдаймыз», – деді бас дәрігер.

Төтенше жағдайларда жүктеме көбірек болады. Бірақ аурухана бұл жағдайға да дайын. Жедел әрекет ету тәжірибесі бар. Орман өрті кезінде мұнда уланған пациенттер келді, олар дереу гипербарикалық оттегімен, медициналық қысым камерасында жоғары қысымдағы оттегімен емделді. Төтенше жағдай кезінде арнайы күйікке қарсы жасалынған жаңа төсек сатып алынды, ол ауырсынуды басады және жараның тез жазылуына ықпал етеді. Ол құрылымның ішіндегі натроникалық әк микросфераларының қабаты төменнен берілетін ауа ағынымен қозғалатын «жалған сұйықтық» әсерімен жұмыс істейді. Төсек толтырғышының тығыздығы судың тығыздығындай, сондықтан пациент оның үстінде «қалқып» тұрғандай күйде болады. Қажет болған жағдайда палата жедел түрде ота жасалатын бөлме болып қайта жасақталады.

Қабылдау бөлмесі триаждау жүйесінің халықаралық стандарттарына сәйкес келуі үшін мұнда 2021 жылы қосымша КТ -аппарат орнатылды, онда үш адамнан тұратын бригада жұмыс істейді. Бірінші құрылғы басқа корпуста орналасқан, оған дейін 220 қадам жасау керек, бұл инсультпен немесе жүрек ауруымен ауыратын науқас үшін өте көп. Сонымен қатар, директор атап өткендей, жүректің КТ-сі 128 кесіндіде жасалады және перфузия жүргізіледі. Бұл өңірлер үшін сирек кездесетін жағдай.  

«Біз үшінші деңгейлі инсульт орталығымыз. Қызыл түйме жанса, невролог пен командасы науқасты күтіп алып, осында әкеледі. Перфузия көмегімен инсульттің тамыр жыртылған кездегі – геморрагиялық, немесе тамыр бітеліп қалған кездегі ишемиялық екендігі ажыратылып, хирургиялық араласу қажеттілігі анықталады және дереу отаға жеткізіледі. Барлық деректер Ұлттық инсульт орталығына тапсырылады. Барлық көрсеткіштер бойынша біз Қазақстанда екінші орындамыз. Бірінші-Тараз. Бірақ жасыл аймақтағы бірінші сағатта эмболизациялау оталарының үлесі бойынша біз алдамыз», – деді бас дәрігер.

Бізге триаж аймағын аяқтау үшін рентген аппаратын орнату қалды. Ол үшін орын дайындалды. ДСБ-ға өтінім берілді және мақұлданды.

Қымбат жоспарлы оталар МӘМС есебінен жүргізіледі

Медициналық сақтандыру қорының басшысы Сәбит Ахметовпен әңгіме барысында Ерсін Сәбитов жалпы төсек қоры 375 орындық тәулік бойы жұмыс істейтін стационарға жүктеме жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Дегенмен, барлық ауруханаға жатқызулардың шамамен 85% -ы төтенше жағдайларға, яғни ТМККК-ға тиесілі. Жоспарланған оталардың үлесі әлі де аз, бірақ жылдан жылға артып келеді.

2023 жылдың 6 айында қан айналымы жүйесі, ас қорыту органдары, тірек-қимыл аппараты, эндокриндік, жүйке жүйесінің аурулары, қан аурулары, неоплазмалар, жарақаттар мен уланулар, жүктілікпен және босанғаннан кейінгі кезеңдер бойынша 8,5 мың пациент жоспарлы тәртіппен емделді. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 860 пациентке көп.

«Төтенше жағдаймен келген пациенттің де сол жоспарланған, тек аяғына дейін сауатты емделмеген пациент екендігін түсінеміз. Сондықтан әрбір бас дәрігер жоспарлы ауруханаға жатқызу үшін күреседі. Ауруханалар үшін экономикалық жағынан тиімді және пациент белгіленген диагнозбен, барлық тексерулерімен келген кезде емдеудің нәтижелі болуына оң әсерін тигізеді және біз оның ауру тарихын алдын ала зерттеп, жоспарлы түрде ота жасай аламыз. Біз бұл бағытта емханалармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде өз қорытындыларын беретін негізгі штаттан тыс барлық тар бейінді мамандар отыр. Содан кейін пациент өз емханасы арқылы порталға қойылады және оны ауруханаға жатқызу мәселесі шешіледі», – деді директор.

Бүгінгі таңда МӘМС есебінен ЖМЖА-да бірегей қымбат оталар жүргізіледі. Мысалы, өкпе артериясындағы тромбоэктомия. Қазақстанда бұл санаулы жағдай.

«Біз өзімізде осындай 15 ота жасадық. Сонымен қатар, біз  бірінші рет жарты шар инсультіне ота жасап, 55 минут ішінде қан ұйығышын алып тастадық. Пациент тірі, толық оңалтудан өтті. Осы клиникалық жағдай бойынша монография жазылды», – жақын және алыс шетелде оқыған, тамырішілік емдеудің барлық технологияларын меңгерген интервенциялық хирург Айбол Маралбаев жетістікпен бөлісті.

Тәжірибе дәрігері, бас травматолог Қуаныш Қасымов та МӘМС туралы өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, жамбас сүйегі сынған пациенттер ота жасау кезегін ұзақ күтетін. Бүгінде ол санаулы күндерде-ақ жасалады. Бұл ретте емделген бір жағдай шамамен 572 мың теңге тұрады, бірақ сақтандырылған пациентке ота үшін ештеңе төлеудің қажеті жоқ. 

Эндоскопия – бұл болашақ

ЖМЖА-да жыл сайын шамамен 500 000 эндоскопиялық тексерулер, жоспарлы және шұғыл оталар жасалады. Мысалы, үлкен кесулерден және ұзақ мерзімді оңалтудан құтқаратын ретроградтық папиллосфинктеротомия. Ота ауыз қуысы арқылы он екі елі ішекке енгізілген арнайы катетер арқылы жасалады. Адам келесі күні жүріп, тамақ жей алады. Бұрын іш қуысына ота жасалса, іш пен өт жолдары ашылатын болған. МӘМС бойынша да қолжетімді мұндай операцияның құны шамамен 380 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар, ұйқы безі мен өт жолдарының ісіктері үшін эндоскопиялық стенттеу де жүргізіледі. Пластикалық стенттер орнатылады, олардың көмегімен өт қалпына келтіріледі. Бұл ота сәл қымбатырақ – 450 мың теңге. Бұл пациент үшін қауіпсіз. Барлық оталар жалпы наркозбен жасалады. Процедура күрделілігіне байланысты 30 минуттан 2 сағатқа дейін созылады.

Тоқ ішектің полипінде арнайы аппараттың көмегімен материалды гистологияға жібермей-ақ оның қатерсіз не қатерлі түзіліс екенін микроскоппен бірден анықтап, оны арнайы құралмен дереу алып тастауға болады.

«Біз эндоскопиялық сараптама орталығын ашқымыз келеді, өйткені облыста барлық эндоскопиялық оталарды жасайтын жалғыз біз. Бізде ойық жара, ісік, өңештің варикозды кеңеюі кезінде асқазан-ішек жолынан қан кетуді тоқтататын гемостаз технологиясы бар. Варикозды тамырлардан қан кету өте қауіпті, 50% жағдайда статистика бойынша бәрі өліммен аяқталады. Бұрын абдоминальді ота қажет болатын, асқазанның бір бөлігін алып тастаған, қазір органдарды сақтау операциялары жасалуда – арнайы бір реттік қыстырғыштар қолданылады, тамырлар бекітіледі, соның салдарынан қан тоқтайды. Біз сондай-ақ эндоскопиялық байлауды жүргіземіз, бауыр циррозы кезінде варикозды тамырларды серпімді сақиналар байланған арнайы қақпақпен түйіндейміз. Бұл отаның іс жүзінде ешқандай қарсы көрсетілімдері жоқ, пациенттерде қатты ауырсыну болмайды және оңалтудың ең аз түрін қажет етеді. Келесі күні пациент жүреді, тамақтанады. Эндоскопия – бұл болашақ», – ЖМЖА дәрігер-эндоскописті Қанат Сапаров өз сөзін түйіндеді.

26 төсекке есептелген кардиология бөлімшесінде оңалтудың екінші кезеңінен өтетін отадан кейінгі пациенттер үшін бөлек 4 төсек қарастырылған. МӘМС есебінен оларға физиотерапия, емдік денені шынықтыру 8 күн бойы қолжетімді. Басшылық жасанды қан айналымы аппараттарын сатып алып және өз базасында кардиохирургияны дамытуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазір әйелдердің денсаулығы мен босануына көп көңіл бөлінеді. Гинекология бойынша пластикалық оталарды енгізу жоспарда бар.

Емдеуді ұйымдастырудың сауатты тәсілі-сәттіліктің кепілі

«Біздің халықты бүгінде Астана, Алматы қалаларының орталық ауруханаларына тасудың еш қажеті жоқ. Бізде барлық мамандандырылған оталар жасалады. Жылдан жылға оталардың түрлері мен олардың саны бойынша өсім байқалады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан жақсы қаражат бөлінуде. ТМККК шеңберінде біздің аурухана бойынша емделген жағдайдың орташа құны 1,8 млн теңгені, МӘМС бойынша – 2,3 млн теңгені құрайды. Көпсалалы аурухана үшін бұл жаман емес. Халық тарапынан да қажеттілікке сұраныс бар.  Маңыздылығын айта кету керек, МӘМС – бұл жұмыс жасайтын қажетті жүйе, ең алдымен, пациенттің өзіне тиімді. Ең төменгі мөлшерде жарна төлеп те қымбат көмек алуға болады. Стентті орнату 3 млн теңгені құрайды», – деп ЖМЖА бас дәрігері атап өтті.

Өз кезегінде, аурухана қызметкерлерімен кездесуде Қор басшысы Сәбит Ахметов аурухананың кадрлармен жақсы қамтылғанын атап өтіп, денсаулық сақтау басқармасына заманауи жабдықтармен жабдықтауға көмектескені үшін, аурухана басшылығына – халыққа медициналық көмек көрсету бойынша барлық ішкі процестерді дұрыс ұйымдастырғаны үшін, ал ұжымға – үйлесімді командалық жұмысы мен өз ісіне адалдығы үшін алғыс айтты.

«Жалпы елде кадр тапшылығы мәселесі бар, бірақ сіздерде кадр жақсы жасақталған. Менің түсінуімше, бұл көп жағдайда қолданыстағы базаға – қажетті бейінді мамандарды дайындайтын медициналық университетке байланысты.  Барлық процестер ең жоғары деңгейде, бірегей оталар жүзеге асырылады, триаж жүйесі өте жақсы ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда пациенттерге уақтылы және сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін қажетті жабдықтармен жабдықтауға көмектесетін денсаулық сақтау басқармасына алғыс айтамын. Біз бүкіл ұжымның үйлесімді командалық жұмысын және аурухана басшылығының одан әрі дамуға деген қызығушылығын көрдік», – деді Қор басшысы өз сөйлеген сөзінде және қорытындысында аурухана ұжымына табыс тіледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: