Сенатор Нұртөре Жүсіп Қазақстанда кітапханашылардың орташа жалақысы 125 мың теңге екенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Депутаттық сауал Премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Ұлттық құрылтайда кітап күнін белгілеу туралы идеяға қолдау білдірді. Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді.
Сондай-ақ президент 2021 жылдан бастап осы кітапханашыларға жалақыны орташа есеппен 20 пайызға кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда республика бойынша қатардағы кітапханашылардың орташа жалақысы – 125 мың теңге», – деді Нұртөре Жүсіп.
Оның айтуынша, жалақының төмен деңгейі білікті кадрлардың бұл саладан кетуіне әкеледі.
«Кітапханада істейтін IT-мамандар, бухгалтерлер, программистер, инженерлік-техникалық мамандар, техникалық персоналға жатады. Олардың жалақысы тіптен мардымсыз. Қазіргі уақытта Қазақстандағы кітапхана саласын толыққанды дамуы үшін қажетті заңнамалық база жоқ. Бұл кітапхана ісі туралы заңның болмауы салдарынан туындап отыр. Мұндай сипаттағы заң әлемнің 130-дан астам елінде, оның ішінде ТМД-ның барлық елінде қабылданған.
Кітапханалардағы компьютерлік және көшіру-көбейту техникасы нашар жабдықталған, көбісі ескірген. Көптеген кітапхана ғимараты ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген.
Арнаулы кітапханалардағы, балалар, жасөспірімдер, зағип және нашар көретіндерге арналған кітапханалардың жағдайы көңілден шыға бермейді. Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кіруі және еркін жүруі өте қиын. Пандустар, әмбебап кабинасы бар санитарлық тораптар, көліктерге арналған тұрақ орындары жоқ», – деді депутат.
Кітапхана қорларында да олқылықтар бар.
«Ауылдағы кітапханалардың 60 пайыздан астамы әбден ескірген. Соңғы 20 жылда кітап қорын толтырудың жүйелі түрде қаржыландырмауына байланысты кітап қорының жыл сайынғы жаңартылуы – небәрі 1,8 пайыз. Қолданыстағы авторлық құқық және сабақтас құқық туралы заңның нормалары қазіргі авторлардың шығармаларын цифрлық форматта толық ұсынуға мүмкіндік бермейді. Осы заңнама бойынша кітапты цифрлық форматқа көшіруге автордың келісімінсіз, ол қайтыс болғанға дейін 70 жыл өткен соң ғана жол беріледі немесе автордың, құқық иеленушінің әрбір кітапты цифрландыруға жазбаша рұқсаты қажет. Көпшілік кітапханалардың тек 60,7 пайызы интернет желісіне толыққанды қол жеткізе алады», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сондай-ақ депутат арнайы кітап орталығын құруды ұсынды.
«Танымал жазушылардың жеке кітапханасына қатысты мәселе бар. Кезінде біздің ақын-жазушыларымыз, зиялы қауым мен ғалымдар өте сирек кездесетін кітапты жинаумен айналысқанын білеміз. Қадыр Мырза Әлі, Әбіш Кекілбаев, Қалтай Мұхамеджановтың кітаптары арнайы орындарда тұр. Ал Әлкей Марғұланның, Шерхан Мұртазаның, Әубәкір Нілібаевтың, Сәкен Жүністің және тағы басқа ақын-жазушылардың жеке кітап қоры қайда қалды? Жазушы Морис Симашконың кітаптарын қызы Израильдің Қазақстандағы елшілігіне әкеп тастағанын көзбен көрдік. Осыған байланысты Қазақстан қаламгерлерінің жеке кітапханасындағы кітаптарды республикалық және аймақтық негізде жинақтап, арнайы кітап орталығы ретінде ашуға неге болмасқа?», – деді сенатор.
Нұртөре Жүсіп жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін Үкіметке өз ұсыныстарын жолдады.
- Кітапхана саласын жаңғырту, кітапханаларға қатысты мемлекеттің жауапкершілігі мен міндеттерін айқындау үшін «Кітапхана ісі» туралы жеке заң қабылдау қажет.
- Кітапханашылардың жалақысын көтеру үшін Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 Қаулысына көзделген базалық жалақыны өзгерту туралы мәселені шешу керек.
- Кітапхана секторына білікті кадрларды тарту және ұстап қалу үшін мемлекеттік деңгейде кітапханашылардың және техникалық персоналдың жалақысын өсіру туралы шешім қабылдау керек.
- Өңірлік кітапханалардың қорларын толыққанды және уақтылы толықтыру үшін Кітапханалық коллектор бірыңғай орталық құру керек.
- Өзге мамандарды әлеуметтік қорғау және жалақысын көтеру үшін кітапханаларда жұмыс істейтін мамандарға Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №419 «Мәдениет, мәдениет саласындағы білім беру, тілдерді дамыту, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, денешынықтыру және спорт ісі салаларындағы азаматтық қызметшілерінің тізілімін бекіту туралы бұйрығына» жоғарыда аталған мамандар лауазымдар атауын С блогынан В блогына ауыстыру туралы өзгерістер енгізу керек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!