Кейінгі уақытта әлеуметтік желілер мен көшедегі тақтайшаларда “Сергек” жүйесі арқылы тіркелген айыппұлдарды жоюды ұсынып, заңсыз қызмет көрсететіндер көбейген. Алматы қалалық Полиция департаменті мұндай жарнамаларға сенбеуге шақырды, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты 31 арнаға сілтеме жасап.
Мәселен, Алматыдағы Алғабас ықшамауданында “айыппұлдан арылтамын” деген хабарландырулар ашық ілініп, байланыс нөмірлері көрсетілген. Дәл осындай мазмұндағы жазбалар интернетте де жиі кездеседі.
Алаяқтар бұл қызмет үшін 10-15 мың теңге көлемінде ақы сұрайды.
Олардың айтуынша, “Сергек” арқылы келген айыппұлды 62 күннен кейін өшіруге болады, тек осы мерзімде ешқандай ресми хабарлама келмеуі керек екен. Тіпті келген жағдайда да “жолын табуға” уәде береді.
Алайда полиция бұл әрекеттің заңсыз екенін, әрі ол алаяқтыққа жататынын қатаң ескертеді.
“Мұндай жарнама шындыққа жанаспайды. Бұл – заңға қайшы. Қазір барлық ақпараттық жүйелер бірыңғай және автоматтандырылған. Адами фактор мүлде жоқ. Яғни, ешкім айыппұлды өшіре алмайды. Мұндай деректер бойынша бірнеше рет тексерулер жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданды”, – дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Құзырлы орган азаматтарды қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға алданбауға шақырып отыр. Айыппұлды жоюдың жалғыз жолы – оны заңды түрде төлеу.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!