Биыл Астана қаласында бұрынғы “Сергек” жүйесі тоқтатылып, оның орнына “ақылды”, жасанды интеллект негізіндегі жаңа видео-бақылау жүйесі енгізілмек. BAQ.KZ тілшісі жаңа жоба қашан іске қосылатынын және қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ететінін білді.
“Сергек” жүйесінің келісімшарты мерзімі 2025 жылдың 13 наурызында аяқталды. Кейін оны қайта жалғастырмай, бірден жаңа жүйеге көшу жайлы шешім шықты.
Астана әкімдігінің айтуынша, “Сергекке” қатысты кемшіліктер болған, ал жаңа жүйеде — аппарат-бағдарламалық кешендер, үздіксіз қамтамасыз ету, сенімді байланыс желілері, сондай-ақ жаңа технологиялар қолданылады.
Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық редакциямыздың ресми сауалына жауап берді.
Бексұлтан Қуандықтың айтуынша, “Астана қаласы үшін жасанды интеллект негізінде қалалық инфрақұрылымды басқару шешімі” атты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде Smart City бағытындағы инновациялық жобасы іске асырылып жатыр.
Жоба қалалық жүйелердің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған, — деді ол.
Оны халықаралық “G-42” холдингінің еншілес компаниясы Presight AI Ltd. компаниясымен әріптестікте жүзеге асырылып жатыр. Басқарма орынбасары компания тұрақты өсім көрсетіп, инновациялық технологиялық шешімдерді белсенді енгізіп келе жатқанын атап өтті.
Жобаның негізгі кезеңдері мен көрсеткіштері мыналарды қамтиды:
- Қоғамдық орындарға 10 000 жалпы бейнебақылау камерасын орнату;
- Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеуге арналған 502 аппараттық-бағдарламалық кешенді іске қосу;
- Өзге ұйымдарға тиесілі 5 000 камераны интеграциялау.
Жасанды интеллект технологияларының көмегімен жол жүрісі қағидаларының кемінде 15 түрін автоматты түрде тіркеу және қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған 35 түрлі видеоаналитика түрін енгізу көзделген.
Камералардың бейнежазбалары Астана қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына және қалалық қызметтердің Бірыңғай жағдай орталығына шығарылады, бұл түрлі оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, — деді Бексұлтан Қуандық.
Ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, барлық бейнежазба деректері Деректерді өңдеу орталығында сақталады. Басқарма жобаны жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отырғанын хабарлады.
Жаңа жүйе нені өзгертеді?
- Қауіпсіздік пен бақылаудың сапасы артады: жаңа камералар адам бақылауынсыз, тәулік бойы жұмыс істеп, дер кезінде құқық бұзушылықтарды тіркейді.
- Қала инфрақұрылымы “smart city” категориясына жақындайды — көлік қозғалысын, жол қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті, төтенше жағдайларға реакцияны, деректерді өңдеу мен мониторингті бір орталықтан басқару.
- Қысқа уақыттағы ақпарат пен реакция, яғни камера + “ситуациялық орталық” арқылы оқиғаларға жылдам жауап беру мүмкіндігі.
- Инвестициялық қолдау + жергілікті компаниялардың қатысуы — жоба тек сырттан емес, Қазақстан кәсіпорындарының қатысуымен жүзеге асады.
Астана “Сергек”-тен AI-камераларға дейін…
Астана қаласында “Сергек” жүйесімен қоштасып, заманауи, AI негізіндегі “ақылды” камералар жүйесіне көшу — бұл жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп, қала басқару тиімділігі үшін үлкен қадам. Жаңа жүйе — көлік қозғалысы, қоғамдық орындар, жол қиылыстары, адамдар көп жиналатын орындарда бақылауды күшейтіп, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
