Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің «Шегіртке халал, оны жеуге болады» деген аты-шулы мәлімдемесіне пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Үкімет отырысынан соң министрге «Өткен аптада премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин «Шегіртке халал, оны жеуге болады» деп атышулы мәлімдеме жасады. Ол біраз сынның астына қалды. Сіз – Қазақстанның бас дәрігерісіз, осыған қатысты пікір білдірсеңіз. Шынымен шегірткені жеуге бола ма?» деген сұрақ қойылды.
Ақмарал Әлназарова сұраққа жауап бергісі келмей, мәселеге қатысты өз ойын әрең айтты.
«Әріптестер, сіздерді құрметтеймін. Бұл сұрақты комментарийсіз қалдырсам. Әрбір мемлекеттің өзінің дәстүрі бар. (Шегірткені жау – автор) қазаққа тән емес дәстүр деп білемін. Сондықтан қазір «Оның зияны, пайдасы бар, халал, халал емес» деп айтуға дайын емеспін. Бұл менің құзыретіме кірмейді», – деді министр.
Бұған дейін Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасы «шегірткенің халал» екенін хабарлаған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!