Көкшетауда шенеуніктер 2020 жылы пандемия кезінде ИВЛ аппараттарына бөлінген ақшаны жымқырып, қымбат көлік сатып алған. Protenge Telegram арнасы 50,5 млн теңге тұратын Lexus көлігін мемлекеттік мүлік комитеті Қазақстан Республикасының бас прокуратурасына бергенін анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қымбат көлік бюджеттен ұрланған ақшаға сатып алғандықтан тәркілеген. Ал сот құжаттарынан жеткізушінің денсаулық сақтау қызметкерлерімен келісіп, ИВЛ аппаратын сатып алудың орнына жемқорлық әрекеттерін жүзеге асырғанын көруге болады.
«Құрылғылардың құнын үш құрылғы үшін 20 миллионнан 31 миллионға дейін қолдан қымбаттатып, төрт құрылғының бағасын 32,4 миллион теңгеге дейін көтерген. Қылмыстық мәміледен түскен пайда 86,8 млн теңгені құраған», – деп жазады басылым.
Сонымен қатар кейіннен жеткізілген ИВЛ аппараттарының сапасы жөнінде үлкен сұрақ туындағаны атап өтіледі.
«Сот үкімінде Lexus көлігі ИВЛ аппараттарына арналған ақшаға сатып алынғаны айтылған. Демек, бұл көлік әлдебір адамның өмірінің құнымен тең», – делінген ақпаратта.
Алайда қазір тәркіленген көліктің бас прокуратураға берілгені анықталған. Олар тек бірінші болып өтініш беруінің арқасында көлікке ие болған. Ал жол талғамайтын көлік «прокурорға жылдам әрекет ету үшін» қажет болған екен.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!