2025 жылдың 12 қазанынан бастап Еуропалық Одаққа кірмейтін елдердің азаматтарына 29 еуропалық елдің сыртқы шекарасын кесіп өту бойынша жаңа ережелер күшіне енеді. Бұл — ЕО-мен визасыз режимнің бар-жоғына қарамастан енгізілетін талаптар, деп хабарлайды BAQ.KZ DW басылымына сілтеме жасап.
Шенген аймағына кіретін елдер EES (Entry Exit System) — кіріп-шығу жүйесі атты электронды бақылау жүйесін енгізбек. Осы жүйе арқылы үшінші елдердің азаматтарынан биометриялық деректер алынып, тексеріледі. Бұл тек халықаралық әуежайларда ғана емес, теміржол вокзалдарында, көлік өткелдерінде және теңіз порттарында да жүзеге асырылады.
Кімдерге жаңа ережелер қолданылады?
EES жүйесі Шенген аймағына қысқа мерзімді сапармен (180 күн ішінде 90 күнге дейін) келетін үшінші ел азаматтарына қолданылады.
Ал Шенген аймағында тұруға ықтиярхаты (ВНЖ) бар шетелдіктер бұл жүйеден босатылады.
ЕО азаматтары, резиденттер және ұзақмерзімді шенген визасына ие адамдар үшін жеке кезектер ұйымдастырылады. Олар шекарадан өтерде виза, төлқұжат және ықтиярхаттарын көрсетуге тиіс.
Шекарадан өту тәртібі қалай өзгереді?
Жаңа жүйемен алғаш рет кездескен кезде азамат саусақ іздерін тапсырып, фотоға түседі. Осылайша олардың биометриялық және төлқұжат деректері жазылатын цифрлық тіркеу жасалады. Кейінгі сапарлар кезінде шекарадан өту барысында бұл ақпаратпен сәйкестендіру жүргізіледі.
12 жасқа толмаған балалардан саусақ ізін тапсыру талап етілмейді.
Тіркеу EES терминалдары немесе шекаралық бақылау автоматтары арқылы жүзеге асады. Бұл құрылғылар төлқұжат пен биометриялық мәліметтерді автоматты түрде оқиды. Бірақ оларды тек биометриялық төлқұжаты бар азаматтар ғана пайдалана алады.
EES жүйесі бірден іске қосыла ма?
Жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін барлық өткізу пункттерінде толық жұмыс істеуі тиіс. Сол уақыттан бастап төлқұжатқа мөр басу тоқтап, оның орнына электронды жазбалар жүргізіледі.
Әр ел жүйені қайда және қалай енгізетінін өзі шешеді. Бұл шекарашылар мен жолаушылар үшін біртіндеп бейімделуге мүмкіндік береді.
The Independent басылымының жазуынша, Чехия, Эстония және Люксембург EES жүйесін толық көлемде 12 қазанда іске қосады. Ал Германия Дюссельдорф әуежайынан бастайды, бастапқыда тек шағын топ қана жүйеден өтеді. Кейін жүйе Майндағы Франкфурт пен Мюнхенге енгізіледі.
Алғашқы алты ай ішінде төлқұжаттарға мөр басу және тексеру бұрынғы тәртіппен жалғаса береді. Алайда, бұл аралықта жолаушылардан биометриялық деректер де сұралуы мүмкін. Яғни шекарашылар ескі жүйені де, жаңасын да қатар қолданатын болады.
2026 жылдан кейін тағы не өзгереді?
2026 жылдың соңына қарай EES жүйесіне қоса ETIAS — Еуропалық ақпарат және рұқсат беру жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе визасыз режиммен келетін елдердің азаматтарынан Шенген аймағына кірер алдында арнайы рұқсат алуды талап етеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!