Егін шаруашылығы бойынша өткен жылы Шиелі ауданында жалпы 30 192 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл саналатын күріш 12 301 гектар алқапқа егілді. Аталған егістіктің әр гектарынан орта есеппен 61,3 центнерден өнім алынып, нәтижесінде 75 405 тонна сыр салысы қамбаға құйылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков баяндады.
– Өткен жылы су тапшылығының алдын алу және егіс алқаптарындағы суды тиімді пайдалану мақсатында ерте көктемнен бастап 9 500 гектар жерге лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу аясында 2 100 гектар жерге тамшылатып суару әдісі қолданылды. Оның ішінде 700 гектар алқапқа «Таң ЛТД» ЖШС тарапынан дәндік жүгері дақылы егілсе, 1 400 гектар жерге көкөніс пен бақша дақылдары орналастырылды. Ауыл шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында соңғы төрт жыл көлемінде отандық және шетелдік техникалар есебінен ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының техника паркі 68,5 пайызға жаңартылды. Одан бөлек, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері де тиімді іске асырылуда. Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап облыс көлемінде жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында Шиелі ауданында соңғы жылдары 145 жоба қаржыландырылды. Аталған бастамалардың ауқымын кеңейту және тұрғындарға қолжетімділігін арттыру мақсатында демеушілердің қолдауымен аудан орталығында арнайы «Ауыл аманаты» орталығы ашылды,- деді Айтбай Насриддинұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
