Шиелі ауданында автомобиль жолдарын жаңғырту және ауылішілік жолдардың сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков баяндады.
– Аудан аумағында 323 шақырымнан астам автомобиль жолы бар. Оның 80 шақырымы республикалық, 98 шақырымы облыстық, ал 145 шақырымы аудандық маңызға ие. Қазіргі таңда аудандық маңызы бар жолдардың басым бөлігі – шамамен 90 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. «Самара–Шымкент» трассасының 8 шақырымын қайта құру жұмыстары жалғасуда, ал биылғы жылы осы бағыттағы жұмыстарға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 ауылдық округтегі ұзындығы 24 шақырымнан астам 29 көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы бірқатар көшелерді асфальттау және ауылішілік жолдарға қиыршық тас төсеу жұмыстары жоспарға сай орындалуда. Біздің басты мақсат – тұрғындар үшін қолайлы жол инфрақұрылымын қалыптастыру, – деді аудан әкімі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!